Ақтөбе облысында мал ұрлығының бес фактісі ашылды
16-21 қараша аралығында облыс аумағында өткізіліп жатқан «Мал ұрлығы» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында мал ұрлығының 5 фактісі ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мысалы, Бекқұл баба кентінде белгісіз біреулер жергілікті тұрғынның үйінің ауласында орналасқан сарайдан мал ұрлаған.
Аталған факт негізінде ҚР ҚК 188-1-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы (Мал ұрлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Осы баптың санкциясы мүлкін тәркілей отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Жедел-алдын алу іс-шарасы барысында мал мен ет өнімдерін тасымалдау, сондай-ақ тиісті құжаттарсыз сату бойынша 27 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Ақтөбе облысының Полиция департаменті жеке ауласы мен малы бар азаматтарды мал ұрлығының алдын алу мақсатында барлық қауіпсіздік шараларын қабылдауға шақырады.
– Ақтөбеліктерді мал ұрлығы фактілерінің алдын алу мақсатында барлық сақтық шараларын қабылдауға шақырамыз. Қараусыз жүрген малды ұрлау оңай, бірақ оны табу әлдеқайда қиын. Малды бақташыларға тапсыру керек, оларды ұстауға арналған үй – жайларды бейнекамералармен, сондай-ақ жануарларды бақылау құралдарымен жабдықтауға болады» – деп атап өтті ПД бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов.