Тергеу изоляторының қызметкерлері қан тапсырды
Қызылорда облысында тергеу изоляторының қызметкерлері қан тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өзгеге өмір сыйлап, донор болу да ерлік. Қызылорда қаласындағы тергеу изоляторының ұжымы “Қан тапсырып, өмір сыйла” атты ерікті донорлық акция ұйымдастырды.
Облыстық қан орталығының мамандары мекемеге келіп, өз еркімен донор болуға келісім берген 30 қызметкерді медициналық тексерістен өткізді. Медицина мамандары олардың қан тобына, резус-фактор және гемоглобин деңгейі, қан құрамына талдау жүргізді.
– Донор болу үлкен адамгершілік қасиеттің белгісі. Мен бірнеше жылдан бері тұрақты донормын, үш ай сайын қан тапсырамын. Донор болу арқылы өзге біреудің өмірін сақтауға себепші болсақ, бұл біздің азаматтық парызымыздың орындалғаны, қан тапсырудан ешқашан бас тартпаймыз. Бүгінгі акцияға тергеу изоляторының қызметкерлері бір кісідей белсене атсалысып жатыр, – деді кадр саясаты тобының аға инспекторы Айдос Альназаров.