ІІМ басшысы: Полицейлер азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуі тиіс
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Ақтөбе облысы Полиция департаментінің жеке құрамымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесуде ол Президенттің қазіргідей күрделі жағдайда полицияның жауапкершілігі айтарлықтай артып, ал учаскелік инспекторлардың жұмысы айырықша мәнге ие болатыны туралы айтқан сөзін еске салды.
Министр өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың ІІМ-нің алдына қойған басты міндеттерінің іске асырылу барысына тоқталды. Бұл міндеттер – азаматтармен өзара қарым-қатынастың сервистік моделіне көшу, құрылымдық реформалау, тиімді кадр саясаты, цифрлық технологияларды енгізу және т.б. болып табылады.
Ведомство басшысы облыстағы жедел жағдайды, қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету мәселелерін талқылады, құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмысқа қарсы күрес, ұйымдасқан қылмыс пен есірткі қылмысына, ұрлыққа, оның ішінде мал ұрлығына қарсы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, қызметкерлердің алдына бірқатар нақты міндеттер қойды.
– Жалпы, ІІМ-ге елдегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау бойынша үлкен міндеттер жүктеледі. Министрліктің қазақстандық қауіпсіз қоғам құруға қосқан үлесі өте маңызды. Біздің барлық жұмысымыз еліміздегі тиісті құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, қылмысқа қарсы күреске, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталуы тиіс. Азаматтардың қауіпсіздігі барынша қамтамасыз етіліп, халықтың тыныштығы сақталуы өте маңызды, – деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.
Министр Ақтөбе қаласының учаскелік полиция инспекторларының жұмысымен егжей-тегжейлі танысып, учаскелік пункттерді аралап көрді. Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері жұмыста қолданылатын және оқиға орнында құқық бұзушы туралы қажетті мәліметтерді алуға мүмкіндік беретін заманауи технологиялар туралы айтып берді.
Ерлан Тұрғымбаев облыс әкімі Оңдасын Оразалинмен кездесу барысында құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде полицияға қолдау көрсеткені үшін жергілікті атқарушы органдар басшылары атына алғысын жеткізді.
Мемлекет басшысының «жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметіне реформа жүргізуді тапсырғанын ескере отырып, министр мен әкім учаскелік полицияны материалдық-техникалық жарақтандыру және оның өнімді қызмет атқаруына жағдай жасау мәселелерін талқылады. Өйткені, учаскелік инспектор нақты аумақта қылмыстың алдын алуда, халықпен өзара байланыс жасау және олардың мәселелерін жедел шешу ісінде басты рөл атқаратын тұлға.
Атап айтқанда, полицияның учаскелік пункттеріне үй-жайлар бөлу, сондай-ақ ірі тұрғын үй массивтері мен осы учаскелік пункттері жоқ аудандарда жаңа полиция пункттерін салу мәселелері жан-жақты талқыға салынды.
Анықтама: Ақтөбе қаласында 125 учаскелік полиция инспекторы мен олардың 14 көмекшісі, облыс аудандарында 108 учаскелік полицей жұмыс істейді. Облыс орталығында 25 және облыс аудандарында 145 учаскелік полиция пунктінің ғимараты бар.