Департамент басшылығы қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полицейдің отбасына барды
Қызылорда облысы Полиция департаментінің басшылығы қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза тапқан полицейдің отбасына барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Бейбіт уақытта халқымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткен айбынды полиция қызметкерлерін, анттарына адал болып қалған ерлердің ерлігін ұлықтау – азаматтық парызымыз.
Осы орайда Тәуелсіздік күні қарсаңында Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Пазылбек Нәлібаев бастаған қызметкерлер қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза тапқан полиция лейтенанты Талғат Қозыбаевтың отбасына барды.
Қызмет атқару барысында ерлікпен қаза тапқан Талғат Қозыбаевтың есімі Сырдария ауданының Мәлібаев ауылындағы көшелердің біріне берілді. Сондай-ақ, ол оқыған № 135 орта мектептің ауласына ескерткіш орнатылып, мектеп сыныптарының біріне аты берілді.
– Ел тыныштығы үшін жанын қиған Талғаттың ерлігін әріптестері ешқашан ұмытпайды. Ол қауіп-қатерден қаймықпай, өзінің қызметтік борышын соңына дейін орындады. Ел қауіпсіздігі үшін жанын қиған ерлерге мың тағзым! Олардың қайсарлықтары келешек ұрпаққа үлгі болады, – деді Пазылбек Машбекұлы.
Қызылорда облысында Тәуелсіздік жылдарында қызметтік міндеттерін атқару кезінде бес полиция қызметкері қаза тапты.