Сыр сақшылары марапатталды
Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы қызмет бабында ерекшеленген полицейлерді марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәуелсіздік күні – ата – бабамыздың арманы орындалып, азаттықты аңсаған елдің сан ғасырлық мақсаты орындалған күн. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бері еліміз көптеген елеулі табыстарға қол жеткізді. Қазақ елі әлем жұрты алдында үлкен бедел мен абыройға ие болды.
Отан алдында адал қызмет атқаруға ант берген тәртіп сақшылары асқан табандылықпен қылмысқа тосқауыл болып, адамдардың өмірін бірінші кезекке қойып, олардың қауіпсіздігі үшін бастарын қауіп-қатерге тіге отырып қызмет етіп келеді.
Мереке қарсаңында халықтың құқығы мен бостандығының қорғалуы жолында ерекше көзге түсіп, қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген Қызылорда облысы Полиция департаментінің бірқатар қызметкерлері марапатталды.
Бүгін Қызылорда облысының Полиция департаментінде Тәуелсіздік күні мерекесіне орай марапаттау рәсімі өткізілді.
Шара барысында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың құттықтау жеделхаты жеке құрамға жеткізілді.
Министрдің бұйрығымен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, халықтың құқығы мен бостандығының қорғалуы жолында ерекше көзге түсіп, қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген 31 қызметкер марапатталса, Департамент бастығы Бектөре Сұлтанның бұйрығымен 33 ардагер мен 69 қызметкерге марапаттар табыс етілді.
Сонымен қатар Президент тапсырмасына сәйкес төтенше жағдай кезінде шектеу шараларының сақталуын бақылау және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстарды ұйымдастырған 1 513 полиция қызметкері бір лауазымдық жалақы мөлшеріндегі сыйақымен марапатталды.
Ішкі істер министрінің бұйрығымен 165 қызметкердің және Департамент бастығының бұйрығымен 117 қызметкердің тәртіптік жазалары мерзімінен бұрын алынды.
Бюджет қаражатын үнемдеу есебінен Департаменттің 270 қызметшісіне сыйақы берілді.
– Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке. Көк байрағы желбіреген, бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болсын! Полиция қызметкерлері халықтың қауіпсіздігін биік қойып, азаматтық борышын өтеу жолында аянбай еңбек етіп, алдыңғы шепте жүреді. Осынау мереке күні барлық қызметкерлерге мінсіз қызмет атқарғандары үшін алғыс айта отырып, еңбектеріне табыс, барлық бастамаларына сәттілік тілеймін!, – деді Департамент бастығы Бектөре Жеңісбайұлы.
Марапаттау рәсімі аяқталғаннан кейін тәртіп сақшылары жұмыстарына кірісті. Аймақ тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олар мереке күндері күшейтілген режимде жұмыс істейді.
–