Қызметтік міндеттерін орындау кезінде коронавирустық инфекциядан қайтыс болған қызметкер марапатталды
Қостанай облысы Полиция департаментінің басшылығы қызметтік міндеттерін атқару кезінде коронавирус дертінен көз жұмған қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерінің ұлына анасының медалін табыс етті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық Полиция департаментінің басшылығы қызметтік міндеттерін орындау кезінде коронавирустық инфекциядан қайтыс болған Оразгүл Әбдікәрімоваға берілген «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалін оның ұлына тапсырды.
– Бүгін Тәуелсіздік күнін мерекелеу қарсаңында бүкіл ел бойынша өзінің қызметтік борышын адал атқарып, пандемиямен күресте лайықты қызмет атқарып жүрген үздік полицейлерге құрмет көрсетілді. Халық коронавирустан қайтыс болған қызметкерлерді де ұмытпайды», – деді Департамент бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев.
Оразгүл Әбдікәрімова Қостанай облысы бойынша ҚАЖД УК-161/12 мекемесінде кеңсе инспекторы лауазымында жұмыс істеді. Әріптестері оны жауапты және сауатты қызметкер ретінде еске алады.
Ұлы Әділхан Ембергенов те сол мекемеде аға бақылаушы болып жұмыс істейді. Ол полицейлер әулетін жалғастырып, жазаларды орындау саласында лайықты қызмет атқарады.