Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қой ұрлаған ұрылар қамалды

Түркістан облысының полицейлері тұрғынның ұрланған 30 бас қойын тауып, күдіктілерді қамауға алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісай АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Ер адамның айтуынша, оның қоршаулы тұрған қорасынан әрқайсысының құны 65 мың теңге тұратын 30 бас қойын белгісіз тұлғалар жымқырып кеткен. Жәбірленуші 10 күндей өздігінен ауыл арасын, егіншілік алқаптарын іздеп көреді. Нәтиже шықпаған соң барып, полицейлерге шағымданып, көмек беруін сұрайды. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі екі миллион теңгені құрады.

Орын алған ұрлық қылмысын ашу мақсатында полицейлер бірден әрекетке көшті. Жетісай АПБ-нің тәжірибелі қызметкерлерінен және жергілікті аумаққа жауапты учаскелік полиция инспекторларынан топ құрылып, жедел-іздестіру іс-шаралары атқарылды. Көршілес аудандардан сұрастыру жұмыстары жүргізілді. Көрген-білгендерден жауап алынып, мал базарлар, мал таситын көліктер, бейнебақылау камералары мұқият тексерілді. Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктілерді бір тәулікте анықтады. Оларды тұрғылықты мекен-жайлары бойынша ұстап, АПБ-не жеткізді. Күдіктілердің екеуі жергілікті тұрғын болса, үшіншісі Шардара ауданының тұрғыны болып шықты.

Тергеу барысында күдіктінің бірі осы қойларды бағып жүрген қойшы екені анықталды. Яғни ол өзінің таныстарымен сыбайласып, алдын ала жоспар құрған. Нақтырақ айтсақ, күдіктінің бірі қорадағы малдарды айдап шығып, біраз жерге дейін апарған.Одан ары келесісі дайындап қойған «Газель» маркалы көлікке артып әкеткен. Осылайша күдіктілер қойларды сатып, ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Алайда, полицейлердің қырағылы мен кәсіби шеберлігінің арқасында ұрлық жасағандар «ізін суытпай» ұсталды. 30 бас қой сатып алынған азаматтардан тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды. Күдіктілер қамауға алынды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға ескертеді: қора-қопсыны мықтап қоршап, бекітіп, малды жайылымға жіберер кезде сенімді адамға тапсырыңыз! Оларды дер кезінде таңбалап, сырғалаңыз! Егер мал ұрлығы орын алған жағдайда полицейлерге бірден хабар беріңіз. Өздігіңізден іздеп уақыт жоғалтпаңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру