Алматы облысында ұсақ мал ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды
Алматы облысында ұсақ мал ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылдың 2 желтоқсанында Алакөл ауданының ПБ кезекші бөліміне Қарабұлақ кентінің 40 жастағы тұрғыны қорадан екі бас қойының ұрланғаны туралы хабарлаған.
21 желтоқсанда Қарабұлақ кентінің тағы бір тұрғыны сарайдан төрт бас қойының ұрланғаны туралы арызданған.
27 желтоқсанда сарайдан бір бас қойының ұрланғаны туралы Қарабұлақ кентінің үшінші тұрғыны хабарласқан.
Барлық үш дерек ҚР ҚК-нің 188-1-бабының 3-бөлігі 2-тармағы (Мал ұрлау) бойынша тіркелді.
– Мал ұрлықтарына жасалған талдау оларды бір топтың жасағанын көрсетті. Өйткені олар сарайларға бірдей жолмен еніп, қойларды жеңіл автокөліктерге тиеп алып кеткен. Жедел уәкілдер қозғалыс бағытын анықтап, осы аймақты зерделеп, аулалардың бірінен қылмыс орнында қалған ізге ұқсас із тапты, – дейді Алакөл аудандық ПБ бастығы Қуат Оспанов.
Жүргізушіні анықтаған тәртіп сақшылары, ол арқылы үш адамнан құралған топтың барлық мүшелерін де анықтады. Олар Қарабұлақ ауылының 17 және 18 жас аралығындағы тұрғындары болып шықты.
– Олар ұрланған малдарды Үшарал қаласына апарып, достарына жарты бағаға сатқан. Ұрланған жеті бас мал түгелдей заңды иелеріне қайтарылды. Олар өз кезегінде, полицейлерге шын жүректен алғыстарын білдірді. Күдіктілер Алакөл ауданының ПБ уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Автокөліктер сот шешіміне дейін арнайы тұраққа қойылды, – деп толықтырды Қуат Оспанов.