ҚАЖД қызметкерлері балаларға сыйлықтар тарту етті
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД ұжымы Жаңа жыл қарсаңында “Атамекен” отбасылық үлгідегі балалар ауылына барып, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерге қуаныш сыйлады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда “Атамекен” балалар ауылында 54 бала тұрады. Олардың жас шамалары 3-18 жас аралығында.
Департамент бастығының орынбасары Жүніс Өтегенұлы балаларды ұжымның атынан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, 54 балаға тәтті сыйлықтар тарту етті.
– “Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады” деген дана халқымыз. Шынымен де, бала қуанышы – бәрінен қымбат. Бала – біздің болашағымыз, сол себепті біз балаларымыздың қалыпты өмір сүруі үшін жағдайдың бәрін жасауымыз қажет. Бұл балалар келешекте мемлекетіміздің мерейін асқақтататын азамат болатынына сенемін, – деді Жүніс Өтегенұлы.
Өз кезегінде балалар ауылының директоры бүлдіршіндердің атынан Департамент басшылығы мен қызметкерлеріне алғысын білдіріп, қызметтеріне табыс тіледі.
Айта кетерлік жайт, Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде дәстүрге айналған бұндай ізгі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.