Құжатсыз тұрып жатқан тұрғындарға жеке куәлік табысталды
Түркістан облысының полицейлері құжатсыз тұрып жатқан тұрғындарға жеке куәлік табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылы Шардара АПБ-нің Көші-қон қызметі тобымен біршама іс-шаралар атқарылды. Осы тұста Шардара ауданында құжатсыз тұрып жатқан азаматтарды анықтап, оларға жеке басын анықтайтын жеке куәліктерін аз уақыт ішінде дайындап, табыс етті. Атап айтқанда, азаматтығы жоқ тұрғын Аташ Баянова 68 жыл бұрын Өзбекстан Республикасында туылған. 35 жасында Қазақстан Республикасына тұрғылықты тұру үшін отбасымен бірге көшіп келген. Алайда отбасылық жағдайына байланысты барлық құжаттарын жоғалтып, төлқұжатын осы уақытқа дейін алмаған.
Аталған жайтқа байланысты Шардара АПБ-нің қызметкерлері КҚҚТ-мен бірге Аташ Баяноваға қатысты іс-құжаттарын жинақтап, тиісті шараларды жүргізді. Тәртіп сақшылары біршама жұмыстарды тез арада аяқтап, жергілікті тұрғынды ҚР азаматтығы жоқ тұлғаға берілетін куәлігімен құжаттандырды.
Сондай-ақ, Нүрия Щенникова 2004 жылы Түркіменстан Республикасынан көшіп келген. Қазіргі таңда құжаттарының мерзімдері өтіп кетуіне байланысты жеке куәлігімен құжаттандырылды.
Егер де сіздің жақыныңыз, көршіңіз немесе танысыңыз әлі де ҚР-ның жеке басын анықтайтын құжатын алмаған болса, міндетті түрде тез арада жақын маңдағы полиция басқарма, бөліміне барып көші-қон қызметкерлерінің көмегін алуын ескертіңіз.