Полиция қызметкерлері көлігі сынып қалған тұрғындарға көмек көрсетті
Алматы облысында полицейлер жаңа жыл түні ерлі-зайыптылардың үйлеріне жетуіне көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жыл қарсаңында Текелі қаласының полиция бөлімінің қызметкерлері кезекті шақыртудан қайтып келе жатып, көлігі сынып қалған тұрғындарға көмек көрсетті. Кейінірек, ерлі-зайыптылардың үш баласын қарт әжесімен бірге үйде қалдырып, дүкенге шыққандары белгілі болды.
– Текелі қаласы ПБ полиция қызметкерлері, атап айтқанда учаскелік полиция инспекторлары Талғат Аманбаев пен Азамат Боранбаев сынған көлікті және оның жанынан екі адамды байқаған. Көшеде қатты аяз болғандықтан, полиция қызметкерлері олардың жанына жетіп, қандай да бір көмектерінің қажеттілігін сұраған. Оларды тыңдаған тәртіп сақшылары , дереу жүргізуші мен жолаушыны үйлеріне жеткізіп, олармен бірге сынған көлік құралын да сүйреп апаруға шешім қабылдаған, – дейді Текелі ҚПБ бастығы Ұлан Садыков.
Айта кету керек, үйде ерлі-зайыптыларды үш бала тағатсыздана күтіп отырған. Ең кішкентай бүлдіршінге небәрі 10 ай. Үйден 15 минутқа ғана шыққан ерлі-зайыпты жаңа жылды жол бойында қарсы ала жаздады.
– Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, тұрғындарды өз көлік құралының техникалық жағдайын қадағалауға шақырамын. Қатты аяздардың болуына байланысты , қажетсіз ұзақ сапарларға шығудан бас тартыңыздар. Бастапқы орындарыңыздан алыстамай-ақ келеңсіз жағдай орын алуы мүмкін, – деп толықтарды ҚПБ бастығы Садыков.