Ауыл әкімі учаскелік полиция инспекторын марапаттады
Қызылорда облысында ауыл әкімі жұмыс барысында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген учаскелік полиция инспекторын марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Жұртқа жақын полиция»» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің жұмысы тұрғындармен жіті байланыста болу. Осыған орай, учаскелік инспектордың қызметіне баса мән беріледі. Қазіргі таңда учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы көтеріп, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндіктер қарастырылып келеді. Учаскелік инспекторлар халық алдында танымал, қолжетімді, беделді, әрі олардың құқықтарын қорғайтын бірден-бір адам болуы тиіс.
Солардың бірі – Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Ақсай полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік инспекторы Ерлан Абдулкаримовті жыл қорытындысы бойынша Қызылөзек ауылдық округінің әкімі Сәкен Әбдіжаппар марапаттады.
Ерлан 14 жылдан бері құқық қорғау саласында халыққа адал қызмет етіп келеді. Ол еңбек жолын 2006 жылы қылмыстық-іздестіру бөлімшесінің жедел-іздестіру тобының жедел уәкілі болып бастаған.
Учаскелік полиция инспекторының жұмыс кестесі таңертең әкімшілік учаскесін аралаудан басталады. Отбасылық кикілжіңдерді шешу, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзінің басты міндеті деп түсінетін Ерлан жыл басынан бері өз аймағында орын алған 16 қылмыстың 15-ін ашқан.
– Мен мамандығыммен мақтанамын. Еліме, халқыма адал қызмет ету менің басты парызым. Өз балаларымды да елінің патриоты болуға тәрбиелеудемін, – деді ол.