Полиция қызметкерлері қиындыққа тап болған жүргізушіге көмектесті
Павлодар облысы Май ауданының полицейлері қатты аязда жолда қалған жүргізушіге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 31 желтоқсан күні кешкі сағат 18.00 шамасында Көктөбе ауылының маңындағы «Ленин-Курчатов» республикалық тас жолында орын алған. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Павлодарға бара жатып, өз көлігін басқара алмай, тас жолдан шығып кеткен.
Жүргізуші бірден «102» нөміріне қоңырау шалып, көмек сұрады. Көмек көрсетуге дереу екі патрульдік машина жіберілді. Полицейлер жолдан шығып кеткен автокөлікті арқанмен тартып, жолға шығарды, одан әрі автомобильдің жай-күйін және оның жолға дайындығын тексерді.
Зардап шеккен автокөліктің жүргізушісі Мирас Диасович шапшаңдығы мен кәсіби шеберлігі және көрсеткен көмегі үшін полицейлерге алғысын білдірді.
– Маған осындай қиын жағдайда көмектескені үшін Май ауданының полиция қызметкерлері Нұрлан Әубәкіровке, Мирхат Мурзалиновқа, Бахтияр Нығметке және Алмас Рахметовке үлкен рахмет! Далада қараңғы және қатты аяз болды, бірақ қиындықтарға қарамастан, полиция қызметкерлері жақсы жұмыс істеді. Егер тәртіп сақшылары болмаса, маған не болуы мүмкін екенін елестетуден қорқамын, – деді ол.
Полиция қызметкерлері өз әрекеттерін батырлық деп санамайды, олар өмірде түрлі жағдайлар болады дейді, ал ең бастысы – немқұрайлы қарамау, мұқтаж адамдарға көмектесу.
Айта кету керек, жолдарда көлік жүргізушілеріне көмек көрсеткен Павлодар облысының тәртіп сақшыларының атына мұндай алғыстар жиі айтылады. Көптеген жүргізушілер мен жолаушылар үшін полицейлер жолда болуы мүмкін қиын, кейде үмітсіз жағдайларда көмек қолын созатын жалғыз үміт көзі болып табылады.