Атырау облысы Полиция департаментінің мұражайында 6000-ға жуық экспонат бар
20 жыл бұрын ашылған Атырау облысы Полиция департаментінің мұражайында 6000-ға жуық экспонат бар, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мұрағатта сақталған әр экспонат келешек үшін өткеннің тарихынан сыр шертетін өзінің құндылығымен ерекшеленеді. Солардың бірі – саналы ғұмырының 42 жылын ішкі істер органдарында қызмет етуге арнаған генерал-майор Наурыз Өтегеновтің жәдігерлері.
Мұражайда ілінген генералдың шинелі ішкі істер органдарындағы қызметтің жүгі ауыр екенін аңғартады. Бұл шинель бұрын Ішкі істер министрлігінің мұражайында сақталған. Бүгінде Департаменттің мұражайына орналастырылған шинель көненің көзі, музейді тамашалауға келген көпшілікке генералдың қызмет жолынан сыр шертетін құнды жәдігер ретінде ілулі тұр.
Айта кетейік, Наурыз Өтегенов 1925 жылы Батыс Қазақстан облысы Жанқала ауданы Ново-Казанка кентінде туған. Ішкі істер органдарында 1943 жылдан бастап еңбек еткен. 1974-1985 жылдар аралығында Гурьев облыстық Ішкі істер басқармасының бастығы қызметін атқарған.
Өтегенов Наурыз Әлжанұлы Ұлы Отан соғысының, ішкі істер органдарының ардагері. Іскер басшы ретінде қарапайымдылығымен, адами қасиеттерімен халыққа танылған азамат болып табылады.