Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бір отбасының екі бірдей ұлы полицейлер династиясын жалғастыруда

Қызылорда облысының Полиция департаментінде отбасы мүшелерінің ортақ қызмет өтілі 71 жылды құрайтын полицейлер династиясының өкілдері қызмет атқарады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қоңқабаевтар әулетін полицейлер династиясының жарқын көрінісі деуге болады. Әулеттің атасы, әкесі және екі ұлының құқық қорғау саласындағы жалпы еңбек өтілі 71 жылды құрайды.

Полицейлер династиясының басшысы Балықбай Қоңқабаев Ұлы Отан соғысының ардагері болып табылады. Ол соғыстан кейін, 1950 – 1980 жылдар аралығында ішкі істер органдарында учаскелік инспектор лауазымында қызмет атқарған. 30 жылдан аса табанды қызмет атқарған Балықбай ақсақал полковник шенінде зейнеткерлікке шыққан.

Оның кішкентайынан әкесін үлгі етіп өскен баласы Бисенбай да құқық қорғау саласын таңдаған. Балықбай ақсақалдың ісін жалғаған ұрпағы Бисенбай Қоңқабаев та құқық қорғау саласында 20 жыл мінсіз қызмет атқарған зейнеткер.

Ол елге адал қызмет ете жүріп, өзінің ұлдарын қоғамдық тәртіпті сақтауға, қылмыспен күресуге, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бейімдеген.

Қазіргі таңда оның үлкен ұлы Асқар Қоңқабаев жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың полицейі. Асқардың тағы бір атап өтер жетістігі – Бокстан және жекпе-жектен спорт шебері. Қызметте сауатты, адал, мінезі салмақты Асқар қазіргі таңда өзінің тікелей міндеттерімен қатар, соңынан ерген жас қызметкерлермен жинаған тәжірибесімен бөлісуде.

– Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болу, азаматтармен тіл табысу, сыпайы болу да аса маңызды. Үйде ұл-қызыммен, жұмыста әріптестеріммен  білген кеңесіммен әрдайым бөлісіп отырамын, – дейді Асқар.

 

Сыр елінің мақтанышына айналған Қамшыбек Асқардың інісі. Қамшыбекті алғаш рет спорт мектебінің бокс секциясына әкеліп, оның әлем чемпионы атағын алуына бірден-бір себепкер болған да осы Асқар еді. Жастайынан соңынан ерген інісіне қамқор болып, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен кәсіби деңгейде шұғылдануына атсалысты.

Қамшыбек Қонқабаев Қызылорда қалалық Полиция басқармасының қызметкері болып табылады, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, әскери қызметкерлер арасындағы әлем чемпионы, Болгарияда өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы, ҚР Спартакиада чемпионы,  Тайландтың Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері атағына ие. Сонымен қатар Қамшыбек бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру