3425 адам түнгі тыныштықты бұзған
Ертіс сақшылары 2020 жылы түнгі тыныштықты бұзған 3425 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көп пәтерлі үйде тұрғандықтан, түнде көршілердің тыныштықты бұзуы кем дегенде бір рет кездеседі. Кейбіреулер үшін мұндай жағдайлар сирек болғанымен, көп қабатты үйлердің тұрғындарының басым бөлігіне түнгі шу тұрақты құбылысқа айналған.
Мысалы, 11 қаңтар күні сағат 02.30-да Павлодар қаласы полициясының кезекші бөліміне ер адам қоңырау шалып, Майра көшесі 47/ 1 үйдегі көршілерінің кішкентай балалары жүгіріп, айқайлап жатқанын айтты. Сондай-ақ қоңырау шалған азамат көрші пәтерден естілетін шудың күн сайын кешкі уақытта қайталанатынына, балалардың таңғы сағат 4-5-ке дейін шулауы мүмкін екеніне, ал көршілерінің тыныштық сақтау туралы олардың өтініштерін елемейтініне шағымданды.
Аталған мекенжайға келген полиция қызметкерлері пәтер иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабының 1-бөлігімен (Тыныштықты бұзу) әкімшілік хаттама толтырды. Сондай-ақ онда тұратын отбасының барлық мүшелерімен тыныштықты сақтау және көршілерге құрметпен қарау қажеттілігі туралы профилактикалық әңгіме өткізді.
Сол түні Торайғыров көшесіндегі көпқабатты үйден де осындай шақырту келіп түсті. Әйелдің айтуынша, түн болғанына қарамастан, көршілердің пәтеріндегі қонақтар баспалдақ алаңына шығып, шу тудырған. Тәртіп бұзушыларды шақыртуға келген тәртіп сақшылары жауапқа тартты.
Павлодар облысының Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров 2020 жылы Павлодар облысы аумағында тыныштықты бұзғаны үшін 3425 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері заңды сақтау қажеттігін, сондай-ақ құқықтық тәртіп мәселелеріне немқұрайлы қарамауды еске салады. Жасалған құқық бұзушылықтар туралы ақпаратты дереу «102» телефоны бойынша хабарлау қажет.