Жасөспірімге күш көрсетіп, ұялы телефонын тартып алған
Кентау қаласының полицейлері жасөспірімді тонаған күдіктілерді «ізін суытпай» ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау ҚПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғыннан арыз келіп түскен. Онда кәмелетке толмаған баласынан «Redmi 9S» маркалы ұялы телефон ұрланғаны туралы көрсеткен.
Жәбірленуші әйелдің айтуынша, саябақтардың бірінің жанында жасөспірімге белгісіз біреулер күш көрсетіп, құны 60 мың теңге болатын телефонды тартып алған. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша СДТБТ-де тіркеді.
Қарақшыларды ұстауға бірден Кентау ҚПБ-ның криминалдық полиция қызметкерлері мен патрульдік жасақтары бағытталды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер күдікті ретінде төрт жігітті ұстады. Олар жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілердің бас шарасы қолхатта.
Тергеу барысында анықталғандай, кешкі сағат 17:30 шамасында жасөспірім саябақ ішінен өтіп бара жатқан. Сол мезетте алдынан шыққан төрт жігіт күш көрсетіп, ұялы телефонын алаяқтық жолмен ашық түрде тонап кеткен. Алайда қолды болған затты сатып үлгермеген. Айғақты зат ретінде ұялы телефон тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды.
Түркістан облысының полицейлері ұрлықты немесе тонауды болдырмау үшін азаматтарға қырағы болуға және өз мүлкін қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Сондай-ақ, көшеде қымбат телефондар мен ақшаны көпшілікке көрсетпеу керек. Бағалы заттар киімнің ішкі қалталарында немесе жабық сөмкелерде жақсы сақталады. Сондай-ақ, олардың мүлкін немесе телефондарын қылмыстық мақсатта иемденуі мүмкін бейтаныс адамдарға сенбеңіз. Егер, сіз, осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, дереу полицияға «102» нөміріне хабарласыңыз.