Өскемендік азамат бұрынғы әйелінің мазасын алғаны үшін қоғамдық жұмыстар атқарып жүр
Шығыс Қазақстан облысында бұрынғы әйелінің мазасын алған азамат 300 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту жазасына сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған азамат мас күйінде түнде бұрынғы әйелінің үйіне барып, онымен сөйлеспеші болған, алайда бұрынғы әйелі онымен сөйлескісі келмегендіктен, сыртқа шықпаған.
Алайда, ол құқық бұзушылық жасап, терезе сындырып, әйелдің үйіне кірген. Тұрғын үйге заңсыз басып кіргені үшін азамат жауапкершілікке тартылып, сот оған 300 сағаттық қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады.
– Пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азамат қоғамдық орындарда қар күреп, қоқыс жинауға жіберілді. Ол күн сайын төрт сағаттан жұмыс істеп жүр. Оның атқарған жұмысы мен мінез-құлқы қазір тұрақты бақылауда, – деді ШҚО бойынша ҚАЖД Солжағалау аудандық пробация қызметінің қызметкері Серік Бекболданов.
– Жасаған қылмысым үшін маған қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды. Қазір қоқыс жинап, қар күреп жүрмін. Қоқыс жинап жүргенде бұрын өзімнің де қоқысты әр жерге тастай салатыным есіме түседі. Ішімдіктің бос бөтелкелері де ішкен жерде қалатын. Енді қоғамдық жұмысты атқарып жүріп, істеген ісімнің дұрыс емес екендігін, тазалық сақтау керектігін түсіндім, – дейді сотталған азамат.
– Қоғамдық жұмыстарға тартылған барлық есепке алынған азаматтар қоғамдық жұмысты орындаудан жалтарған жағдайда қамауға алынатыны туралы ескертіледі, – деп толықтырды Серік Бекболданов.