Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Автокөлікті мобильді қосымша арқылы онлайн тіркеуге болады

Автокөлікті мобильді қосымша арқылы онлайн тіркеуге болады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2021 жылғы 25 қаңтарда Astana Hub алаңында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мен ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бірлескен кеңесі өтті.Кеңес барысында Бағдат Мусин мен Ерлан Тұрғымбаев цифрландыру саласындағы бірлескен жобалар мен алдағы жұмыс жоспарларын талқылады.

Сондай-ақ, ҚР ЦДИАӨМ ҚР ІІМ-мен бірлесіп жүзеге асырған екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларында көлік құралдарын қайта тіркеу сервисі таныстырылды.

Бұрын жеке тұлғалар автокөлікті тек Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтарында немесе «Электрондық үкімет» порталында тіркей алатын.

Пилоттық режимде бұл мемлекеттік қызмет Kaspi.kz қосымшасында апробацияланды. Автокөлікті онлайн тіркеу мүмкіндігі басқа да мобильді қосымшаларда пайда болады.

– Енді сатушы қосымшада автомобильді есептен шығарғанда, сервис көлік құралының шектеулерінің, айыппұлдарының және салық берешектерінің бар-жоғына автоматты түрде тексеру жүргізеді. Егер төленбеген салықтар мен айыппұлдар болса, сатушы оларды бірден сол қосымшада төлей алады. Сатып алушы сатып алу үшін ақша аударады, баж салығын төлейді, автокөлікті есепке қояды және мемлекеттік нөмір белгісін онлайн таңдайды, – деді ЦДИАӨМ басшысы Бағдат Мусин.

– Жаңа сервисті пайдалана отырып, автокөлікті сатып алушы мен сатушы мемлекеттік органдарға жүгінбей, бұл процедураларды өз бетінше жасай алады. Онлайн мәміле аяқталғаннан кейін құжаттарды және мемлекеттік нөмірлік белгіні «Электрондық үкімет» порталы арқылы үйге жеткізуге тапсырыс беруге немесе оларды Мамандандырылған ХҚКО-дан алып кетуге болады, – деп толықтырды ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев.

Сонымен қатар, Astana Hub алаңында министрліктер басшыларына технопарк резиденттерінің IT-өнімдері таныстырылды. Олардың ішінде E-Knot – мүлік иелері мен көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқару органдары, сондай-ақ ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін ақпараттық-цифрлық платформа да бар. Осылайша, тұрғындар әртүрлі коммуналдық мәселелер туралы хабарлап, заңсыз әрекеттер, құқық бұзушылықтар және басқа да оқиғалар туралы ақпаратты жедел түрде учаскелік полиция инспекторына бере алады.

Кеңес барысында ведомство басшылары бірыңғай республикалық бейнебақылау жүйесін құру және ЖБО бейнебақылау жүйесін жаңғырту, түзеу мекемелерінде бейнебақылау жүйесін енгізу және қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазалау шараларына сотталған адамдарды бақылау бойынша электрондық білезіктерді енгізу мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ оқыңыздар
  1. Мейржан :

    Көлікті тіркеу мәселесі бүгінгі таңда аса өзекті. Егер бұл да осындай оңтайландырылған, цифрлы форматта және тұтынушының өзі жасай алатын болса, мұны үлкен жетістік және жеңілдік деп тануға болады ……!!!!!

Жауап қалдыру