Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында ірі көлемде балық аулаған браконьер мұз үстінде ұсталды

Алматы облысында ірі көлемде балық аулаған браконьер мұз үстінде ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы облысының табиғат қорғау полициясы мен облыстық Балық шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының бірлескен рейді барысында Балқаш көлінің Сарқан ауданына қарасты учаскесінде ірі көлемдегі балық аулаған браконьер ұсталды. Күдіктінің балық аулау кезінде қолданыстағы заңмен тыйым салынған тәсілді пайдаланғаны әшкереленді.

– Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 40 жастағы күдіктінің көлігін тексеру барысында 300 килограмнан астам балық табылып, тәркіленді. Сонымен қатар, қылмыс құралы ретінде пайдалану тыйым салынған балық ауы тәркіленді. Күдіктінің мемлекетке үш миллионға жуық материалдық шығын әкелгені анықталды, – деді облыстық ПД ЖПҚБ Табиғат қорғау инспекторы Бағлан Рымжанов.

Тәртіп сақшылары тәркілеген балықтар арнайы қабылдау орындарына өткізіліп, одан түскен қаражат мемлекет пайдасына аударылатынын атап өту қажет.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысында «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы 16 қаңтарда басталып, осы айдың соңына дейін жалғасады. Арнайы шара барысында бұған дейін де табиғи байлыққа қол сұғушылар ұсталған болатын.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру