Түркістан облысының полицейлері жақсылық жасап жарысуда
Түркістан облысының полицейлері мұқтаж жандарға көмек қолын созды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше бір қасиет болып саналады. Қайырымдылық ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі екені даусыз.
Қашанда қолдан келгенше қайырымдылық жасауды ел қорғандары өздеріне парыз еткен. Жақсылық жасау — имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. Адам баласының осынау асыл қасиетін айшықтайтын қайырымдылық іс-шарасы бүгінде полиция қызметкерлерінің арасында кең етек жайып, тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Осындай игі істің жалғасы мақтааралдық полицейлері арасында да өз жалғасын табуда. Кезекті қайырымдылық іс-шараларды жалғастыру барысында бір қойды құрбандыққа шалып, қасына азық-түлік өнімдерін қосты. Жақсылық жасауға асыққан тәртіп сақшылары жағдайы төмен, яғни жастайынан асыраушысынан айырылған үш баланың анасына көмек қолдарын созды.
Сонымен қатар тағдырдың тауқыметіне мойымаған көпбалалы ана мен мүмкіндігі шектеулі ананың балаларын қуанту мақсатында осындай қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылды. Сондай-ақ осындай көмекке мұқтаж отбасына барып, хал-жағдайын сұрап, азды-көпті азық-түлік өнімдерін үлестіріп берді.
Өз кезегінде асыраушысынан айырылған аналар полицейлерге алғыстарын айтып, жұмыстарына табыс тіледі. Қиын шақта қолдау білдіргендеріне ризашылықтарын жеткізді. Бала қуанса, әлем қуанады. Сондықтан, бір-бірімізге қолғабыс етуден шаршамайық!