Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда «Police 102» қосымшасы арқылы азаматтардан 10 қоңырау қабылданды

Павлодар облысында бірнеше күн ішінде «POLICE 102» мобильді қосымшасы арқылы азаматтардан 10 қоңырау келіп түскен, – деп хабарлайды Polisia.kz.

– 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі «Police 102» мобильдік қосымшасын іске қосты, ол азаматтардың хабарламаларын қабылдауға арналған жобаның бір бөлігі болып табылады және полицейлердің құқық бұзушылықтар мен оқиғаларға одан да жедел ден қоюы мақсатында әзірленді. Бұл қосымшаның міндеті – полицияны халыққа жақындата түсу және қолжетімдірек ету болып табылады. Әзірленген қосымшаның көмегімен енді әрбір адам жасалған құқық бұзушылық немесе қылмыс туралы ақпаратты Жедел басқару орталығының операторына оқиға орнынан тікелей аудио немесе бейне қоңырау шалу арқылы бере алады, бұл операторға болып жатқан оқиғаларды көруге және тиісті ден қою шараларын қабылдауға мүмкіндік береді, – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.

Қосымша іске қосылған бірнеше күн ішінде Павлодарда «Police 102» қосымшасы арқылы полицияға 10 азамат жүгінген.

Мысалы, 3 ақпанда сағат 10.45-те полицияға қосымша арқылы бейне қоңырау келіп түсті, онда өтіп бара жатқан адам Академик Сәтпаев көшесіндегі сауда үйлерінің бірінің жанында тұрған көліктің тұраққа дұрыс қойылмағанына шағымданды, дұрыс қойылмаған көлік жол қозғалысына кедергі болды. Сонымен қатар, нақты уақыт режимінде бейнебайланыстың көмегімен аталған азамат бұл құқық бұзушылықты операторға көрсетті. Соның арқасында ЖБО операторы аталған құқық бұзушылықты тіркеп, автопатруль жіберді.

Оқиға орнына келген патрульдік полиция батальонының қызметкерлері автокөлік иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабы (Көлiк құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік іс қозғады.

Полициямен жаңа «102» бағдарламасы арқылы байланысқан «Ертіс-4» ПИК төрағасы Сергей Астапущенко қаладағы көпқабатты үйлердің бірінің тұрғынының кіреберісте қоқыс пен картон қораптарды жинап жатқанын айтты. Сергей Аркадьевичтің айтуынша, бұл адамның көршілері антисанитариялық жағдайға байланысты наразылық білдірген, сонымен қатар жиналған қоқыс кез-келген уақытта өрттің туындауына себеп болуы мүмкін деп алаңдайды.

Сондай-ақ, ПИК төрағасы телефон камерасы арқылы ауланы көрсетіп, оператор оқиға орнындағы жағдайды көре алды. Көрсетілген мекенжайға Павлодар қаласының учаскелік полиция инспекторы жіберіліп, қоғамдық тәртіпті бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК 505-бабының 1-бөлігі (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Сол күні сағат 15.00-де тағы бір бейнеқоңырау келіп түсті. Академик Бектұров көшесінде орналасқан 111-үйдің тұрғыны жалға берілетін көрші пәтерде түнгі уақытта шу шыққанына шағымданды. Аталған мекенжайға учаскелік полиция инспекторы жолданды, ол тұрғындармен әңгімелесіп, тыныштықты бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік хаттама толтырды.

Қоңырау шалған әйел полицияға азаматтарға бейнебайланыс арқылы ішкі істер органдарымен байланысуға және қысқа мерзімде өз проблемасын шешуге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты.

Нұрлан Мәсімов AppStore және PlayMarket дүкендерінде тегін жүктеу үшін қолжетімді «Police 102» мобильді қосымшасы арқылы азамат жеке деректерге сәйкес тіркелетінін және оларды қолжетімді тәсілдермен (электрондық пошта, телефон нөмірі) растайтынын хабарлады. Бұдан кейін, оның ЖБО операторына бейне – және аудио-қоңыраулар шалуға, сондай-ақ полицияға өтініштер, шағымдар мен арыздар беруге мүмкіндігі бар.

«Police 102» қосымшасының іске қосылғанына азғана уақыт өткеніне қарамастан, ол қала тұрғындарының тарапынан оң бағаға ие.

– Әлеуметтік желілерден мен полициямен байланысуға арналған жаңа бағдарлама туралы білдім. Қосымшаны өз телефоныма жүктедім және тіркелдім. Енді мен бұл өте ыңғайлы бағдарлама деп сеніммен айта аламын және ол тез жұмыс істейді. Кеше мен тіпті осы жаңалықты өзім де пайдалана алдым. Түнгі жұмыс кезінде көшеде мас адамды көргенде  «Police 102» қосымшасын ашып, оператормен хабарластым. Полицей қыз менің орналасқан жерімді бірден анықтап, болған жағдай туралы сұрады. Тәртіп сақшылары тез келіп, мас азаматты алып кетті. Міне, цифрландыру деген осы!– дейді павлодарлық такси жүргізушісі.

Қала тұрғыны Елена бұл бағдарламаны қарт ата-анасының телефонына жүктегенін айтты.

– Жақында учаскелік полиция қызметкерінен жаңа бағдарлама туралы естідім. Мен оны өзіме жүктедім және бұл өте ыңғайлы екенін түсіндім. Ал кейін оны қалай қолдануға болатынын ата-анама да көрсеттім,  мен іссапарда болғанда олармен қандай жағдай орын алуы мүмкін екенін кім біледі, ал полицейлердің оларға тез көмек көрсете алатынына сенімдімін, – деді ол.

– Қосымша азаматтар үшін өте ыңғайлы, оның көмегімен мен құқық бұзушылық немесе қылмыс туралы дереу хабарлай аламын. Мен тіркелдім. Енді қоңырау шалған кезде полицейлер менің қай жерден қоңырау шалып тұрғанымды көре алады. Бұл жақсы, өйткені менің қайда екенімді түсіндіруге уақыт жұмсаудың қажеті жоқ,– деп атап өтті Николай есімді қала тұрғыны.

– Бүгінде ішкі істер органдары өз қызметінде заманауи технологияларды барынша пайдаланады, ең бастысы ел тұрғындарының мүдделерін қорғау және қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың санын азайту болып табылады. Сондықтан полицияны цифрландыру құқықтық тәртіпті қорғау және азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету саласындағы жұмыстың сапалы жаңа деңгейін қамтамасыз етеді, – деп атап өтті облыстық Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру