СҚО полицейлері мен құтқарушылары 62 адамды қар құрсауынан алып шықты
СҚО полицейлері мен құтқарушылары 62 адам мен 22 техниканы қар құрсауынан алып шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен демалыс күндері СҚО патрульдік полицейлері мен құтқарушыларының жұмысы қыза түсті. Ауа райының қолайсыздығына байланысты барлық көлік түрлері үшін республикалық маңызы бар бес автожол және облыстық маңызы бар барлық автожолдар жабылды. Бұл туралы алдын ала әлеуметтік желілердегі Полиция департаменті және Төтенше жағдайлар департаментінің барлық аккаунттарында ақпарат орналастырылды. Дей тұрғанымен, 22 автокөлік қар құрсауында қалды. Жексенбіге қараған түні патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Әміржан Таққожин және Сергей Полуянов Мамлютка-Қостанай автожолында жолдан шығып кеткен «Lada Kalina» және «ВАЗ 2110» көліктерін анықтайды. Жүргізушілер қатты жел мен көктайғақтан рөлге ие бола алмай қалған. Тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жолаушылардың зардап шекпегеніне көз жеткізіп, «Қазавтожол» ЖШС жол-пайдалану учаскесінің шебері Виктор Шулеповке жүгінеді. Ол көлікті тіркемеге алу үшін «ЗиЛ» ауыр жүк көлігін жібереді. Екі көлік те жолға шығарылды.
– Қозғалысты шектеу кезеңінде Төтенше жағдайлар қызметімен бірлесе, қар құрсауынан 62 адам мен 22 техника шығарылды, – деді СҚО Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының командирі Ерлан Мәдиев. – Кептелісті болдырмау үшін 50-60 көліктен тұратын автоколонналар патрульдік полиция экипаждарының ілесіп жүруімен қозғалды. Облыс жолдарына күнделікті 15 экипаж қызмет көрсетеді. Жүргізушілерді Солтүстік Қазақстанның құбылмалы ауа райын ескере отыра, күн райын болжайтын мамандардың болжамдарын, ауа райының қолайсыздығы, жолдардың жабылғаны туралы жол қызметтерінің хабарламаларын назардан тыс қалдырмау қажеттігі туралы ескертеміз. Жолға шықпай тұрып, көліктің жарамдылығына көз жеткізіңіз. Сондай-ақ жолда көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созатын ауыр техника иелеріне алғыс білдіргім келеді.