Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері “112” қызметінің ескертулерін назарсыз қалдырмауға шақырады

СҚО полицейлері “112” қызметінің ескертулерін назарсыз қалдырмауға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицейлер мен құтқарушылар жол қозғалысының қатысушыларына жол үстінде барынша сақ болуға шақырады. Соңғы күндері күрт өзгеріп жатқан ауа райында арақашықтықты, жылдамдық режимін сақтау қажет. Ал, алыс жолға шықпастан бұрын көліктің техникалық жағдайын тексеріп, жолға қажетті барлық заттар мен құрал-жабдықтарды ала шыққан абзал.

Күн райының күрт жылынып, оның соңының аязға айналуы көлік иелерінің жүріп-тұруын қиындатты. Тәртіп сақшылары мен құтқарушылар “112” құтқару қызметінің SMS-хабарламаларын назарға алып, бақылап отыруға, сондай-ақ, алыс сапарға шығып, өзіңіздің және жолаушылардың өмірлерін қатерге тікпеуге кеңес береді.

– Елді-мекеннен шықсаңыздар көліктің техникалық жағдайын тексеріңіздер, жылы киімдеріңізді, тіркеу тросын алыңыздар. Сондай-ақ, ұялы телефондарыңызды толық қуаттап алған маңызды. Жол үстінде көліктеріңізден ақау шықса, бірден жедел қызметтерге 102, 112 нөмірлеріне хабарласыңыздар, – дейді СҚО ПД Патрульдік полиция батальонының командирі Ерлан Мәдиев.

Жол қателіктерді кешірмейді. СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының ақпаратынша, 2020 жылдың 12 айында облыс жолдарында 238 жол-көлік оқиғасы орын алып, 37 адам қаза тапқан, 315-і жарақаттар алған. Биылғы жылдың қаңтар айында алты жол-көлік апаты тіркеліп, бір адам көз жұмған, жеті адам жарақат алыпты. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін, барлық қажетті шараларды қолға алып, жол үстінде аса сақтықпен жүру қажет.

Профилактикалық сипаттағы кеңестер темір тұлпарлардың иелеріне ғана емес, жаяу жүргіншілерге де қатысты. Өйткені еріген қардың мұзға айналуы, әкімшілік ғимараттар мен көпқабатты тұрғын үйкердің төбелерінен салбырап тұрған мұз сүңгілері жаяулап жүрген адамдардың өміріне қауіпті. Сүңгілер туралы жауапты қызметтерге уақтылы хабарлап, бұл жайлы балаларға айтып қойған дұрыс.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру