Қобда ауданында учаскелік полиция инспекторларын тұрғын үймен қамтамасыз етеді
Ақтөбе облысы ПД бастығы Атығай Арыстанов облыс өңірлеріне жұмыс сапарын жалғастыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін ол Қобда ауданына барып, аудандық полиция бөлімі бастығының аудан тұрғындарымен есеп беру кездесуіне қатысты.
Кездесу алдында А.Арыстанов КСРО Батыры Әлия Молдағұлованың атындағы ауылда болып, учаскелік полиция инспекторы Нариман Ульяновтың жұмысымен танысты, ауыл белсенділерімен кездесіп, Ә. Молдағұлова патриоттық орталығына барды.
Аудан орталығындағы кездесу барысында полиция басшысы ауданның негізгі проблемаларының бірі – мал ұрлығына назар аударды. Өткен 2020 жылы ауданда 22 мал ұрлығы жасалып, 62 бас мал ұрланған. А.Арыстанов АПБ бастығы А.Наяшевке алдын алу іс-шараларын жүргізу және бұрын жасалған мал ұрлығын ашу бойынша нақты тапсырмалар берді.
Сонымен қатар, Полиция департаментінің бастығы ауданда қылмыстың қайталану деңгейінің жоғары екендігіне назар аударды, онда жасалған 98 қылмыстың 57-ін бұрын сотталған адамдар жасаған.
Сондай-ақ, А.Арыстанов ауылдық округтердегі учаскелік полиция инспекторларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін қозғады. Аудан әкімі Болат Құлов бұл мәселемен таныс екенін және осы мәселені шешу үшін бар күш-жігерін салатынын айтты. Сондай-ақ, аудан әкімі учаскелік полиция инспекторларының жұмысын жақсарту мақсатында жоғалған малды іздеу үшін төрт квадрокоптер сатып алынғанын хабарлады. Сонымен қатар, Ә. Молдағұлова ауылында учаскелік полиция пунктін салу және учаскелік полиция инспекторы үшін тұрғын үй салу жоспарланған.
Өз кезегінде Болат Құлов облыстық ПД бастығынан жол қозғалысын қадағалауды жүзеге асыру үшін БҚО шекарасы бағытында патрульдік полиция нарядтарын бөлу мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
Сапар барысында облыстық Полиция департаментінің басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың талаптарын полиция бөлімдерінің жеке құрамына жеткізді. Ол полицияның жалпы міндеті «Полиция қадамдық қолжетімділікте» тұжырымдамасын іске асыру болып табылатынын еске салды. Ведомство басшысының айтуынша, мұндай кездесулер ауыл тұрғындарын толғандыратын мәселелерді түсінуге мүмкіндік береді және проблемалық мәселелер шеңберін анықтауға көмектеседі.