Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО тұрғынының жоғалған жылқыларын полицейлер тауып берді

СҚО полицейлері жоғалған жылқыларды тауып, ауыл тұрғынына қайтарып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Рузаевка ауылындағы поселкелік полиция бөлімшесіне жылқы өсірумен айналысатын кәсіпкер жоғалған жылқыларын табуға көмектесуді сұқрап келген. Ер адам қыста үйірді екі-үш күн сайын тексеріп тұратынын, жайылымға бос жіберетінін жасырмады. Ол кезекті тексеріс жасаған кезінде бес жылқының жоғалып кеткенін анықтаған. 25 адам іздестіруге шыққан: аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерінен басқа, жергілікті тұрғындар да өз жерлестеріне көмекке келді. Жуырда болған сырғыма жолдағы іздерді жауып тастаған. Бес автокөлік, екі қарда жүргіш, үш атты шабандоз тартылды. Осы уақыт аралығында учаскелік инспекторлар мен жедел уәкілдер мал ұрлығымен айналысуы мүмкін аудан тұрғындарын тексерді. Іздестіру топтары, аязға қарамастан, жергілікті тұрғындардан сұрай отыра, төңіректі тексерді. Мәдениет ауылындағы бақташы далада бірнеше жылқыны көргенін айтып, көрген жерін көрсетті. Жоғалған жылқылар сол жерден табылды.

– Сол күні олар иелеріне қайтарылды, — дейді аудандық ПБ бастығы Марат Әлжанов. — Еркін жайылуға жол берген кәсіпкерге әкімшілік хаттама толтырылды, оған үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуіне тура келеді. Биылғы жылы аудан аумағында еркін жайылымға жібергені үшін 15 мал өсіруші жауапкершілікке тартылды. Барлық ауыл шаруашылығы жануарларының иелерімен профилактикалық жұмыс жүргізілуде. Орын алған оқиға құқық бұзушымен қатар ауданның өзге де тұрғындарына сабақ болады деп ойлаймын. Жылқылардың иесі іздеуге қатысушылардың барлығына алғыс білдіріп, бұдан былай өз мүлкіне жауаппен қарайтынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру