Жетісайда 2 әйел алаяқтыққа күдікті
Түркістан облысының полицейлері интернет алаяқтығына қатысы бар екі күдікті әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай АПБ-не жергілікті тұрғын әйел арызданып келеді. Оның айтуынша, алыс танысы әлеуметтік желі арқылы бір топқа кіргізіп, ақшаңды еселеп көбейтіп ала аласың деген. Содан жәбірленуші оған сеніп, 980 мың теңгесін аударып жіберген. Алайда танысы ақшаны алысымен ізін суытқан. Аталған қылмыстық істі полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Жетісай АПБ-нің полицейлері бір тәулік ішінде алаяқтық жасады деген екі әйелді ұстады.
Тергеушілердің анықтауынша, күдікті әйелдер жергілікті тұрғындар болып шықты. Сондай-ақ олар бір-бірімен сыбайлас болған. Олар әлеуметтік желіде арнайы топ ашу арқылы жәбірленушіні алдаған. Күдіктілердің бас шарасы «қолхатта». Қазіргі таңда ұсталған азаматшалардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Алаяқтықтың бүгінгі таңдағы жаңа түрі – ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты өмірге келген интернет-алаяқтық болып отыр және оның түрлері де күн өткен сайын кең таралып, көбейіп келеді. Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап-арбап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді жымысқы әрекеттерді жасайды. Сондықтан барынша сақ болыңыз! Кез келген адамға сенбеңіз, өзіңізге ғана белгілі құпия сандарды ешкімге айтпаңыз.