Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысының учаскелік полиция инспекторлары ардагерлермен бірлесе қызмет атқарады

Маңғыстау облысында ұрпақтар сабақтастығын, жас қызметкерлердің ардагерлермен тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету мақсатында әрбір учаскелік полиция бекетіне ішкі істер органдарының ардагерлері қатарынан тәлімгер тағайындалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Учаскелік полиция инспекторларының қызметін жетілдіру және полиция қызметкерлерінің бойында қызметке деген адалдық, төзімділік пен шыдамдылықты қалыптастыру мақсатында облыстық ведомство басшысының тікелей тапсырмасымен әрбір учаскелік полиция бекетіне ішкі істер органдарының ардагері бекітіліп, қазіргі кезде олар учаскелік инспекторлармен бірлесе қызмет атқаруда.

Бұл бастаманың басты мақсаты – жас қызметкерлер мен ардагерлер арасындағы байланысты нығайту, сонымен қатар, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ете отырып, халықпен тиімді әрі тығыз байланыс орнату.

Жуырда Департамент басшысы Жанарбек Бақтыбаев ІІО ардагері Жәукен Мақашов бекітілген учаскелік пунктке барып, ондағы ахуалмен танысты.

– Қандай жағдай болмасын полиция мен халықтың арасы алшақтап кетпеуі қажет. Ардагерлерді қазіргі полиция қызметіне араласуға жұмылдыру, полиция имиджін қалыптастырудың бір аспектісі болып табылады. Біз барлық болмаса да, кейбір шақыртуларға учаскелік инспекторлармен бірге еріп барып, ақылымызды айтып, көмек көрсетіп жатамыз. Біздің жасымызды сыйлайды ма, әйтеуір бұл істің оңтайлы нәтиже беріп жатқанында көріп жатырмыз. Алдағы уақытта да осы бағыттан таймай жұмыс істейміз. Өзімізде кезінде қызмет атқардық, қазірде елдің игілігі үшін жұмыс істеу біз үшін мәртебе, – деп атап өтті Жәукен Мақашұлы.

Маңғыстау облысы бойынша биылғы жылдың қаңтар айында тыныштықты бұзудың 437 дерегі, алкогольдік ішімдікті ішу және масаң күйде қоғамдық орындарға келудің 484 дерегі тіркелген. Ардагердің айтуы бойынша, ол осындай құқық бұзушылықтар бойынша шақыртуларға учаскелік полиция инспекторларымен жиі барып тұрады.

Ардагерлер өздерінің тәжірибелерімен бөлісе отырып, полиция қызметкерлерінің өз міндеттерін адал атқаруын, сондай-ақ азаматтармен қарым-қатынас барысында сыпайылық қағидаларын ұстануын қадағалайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру