Петропавл полицейлері бұрын бұзып кіру арқылы жасалған ұрлықты ашты
Петропавл полицейлері бұрын бұзып кіру арқылы жасалған ұрлықты ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Өткен жылдар» санатындағы бұрын жасалған қылмыстарды ашу – криминалдық полиция қызметкерлері жұмысының аса маңызды бағыттарының бірі. Қылмыстық істердің материалдары ұдайы қайта зерделенеді, куәгерлердің айғақтары, фактілер мен дәлелдер қайта тексеріледі. Ақпан айының басында қайта келіп түскен жедел ақпаратты тексеру нәтижесінде Петропавл қ. ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері өткен жылдың сәуір айында жасалған ауыр ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен 42 жастағы қала тұрғынын ұстады.
Сол уақытта белгісіз қылмыскер Чернышевский көшесіндегі жеке меншік үйдің гаражының құлпын бұзып кірген және құны 85 мың теңгенің түрлі аспаптарын қолды қылған. Бұрын мүліктік қылмыстар жасағаны үшін сотталған, ішімдікті асыра ішуге әуес ер адам аспаптарды сатып жібергенін айтты. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ұрланған заттың бір бөлігі алынды, полицейлер қалған заттарды іздестіруде.
– Ешбір қылмыс ұмыт қалмайды, бұрын жасалған қылмыстарды ашу бойынша жұмыс Полиция департаменті басшылығының бақылауында, — деп тоқтала кетті СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров. — Жыл басынан облыстың жедел уәкілдері өткен жылдары жасалған 23 қылмысқа қатысы бар күдіктілерді ұстады, оның 17-сі ұрлық, екеуі ұрлықтың ауыр түрі.