Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері қызметтік қару айналымы саласында 10 бұзушылық анықтады

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері қызметтік қару айналымы саласында 10 бұзушылық анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазіргі уақытта СҚО-да қызметтік қаруды сақтауға және пайдалануға құқығы бар 70 заңды тұлға тіркелген. Күзетшілер, инкассаторлар мен басқа ұйымдардағы қызметкерлердің қарамағында 1299 бірлік қару бар. Қарудың сақталуын бақылау – “Қызметтік қару” жедел-профилактикалық іс-шарасының басты мақсаттарының бірі. Іс-шара ақпанның 22-нен наурыздың 5-і аралығында өткізіледі. Операция басталғалы тәртіп сақшылары қызметкерлеріне қызметтік қару ұстау рұқсат етілген 62 объектіні тексерді.

– Заңды тұлғалардың қаруды ұстауға қатысты жауапкершілігін байқауға болады, – деді СҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Болат Жексембинов. – Полицейлер жеке күзет кәсіпорындарының қызметін тұрақты негізде бақылайды, бұл қызметтік қаруды сақтау және алып жүру ережелерін қадағалауға мүмкіндік береді. Дей тұрғанымен, операция басталғалы 10 бұзушылық анықталды. Сақтау жағдайы мен қайта тіркеу мерзімдері бұзылған. Барлық басшыларды қызметтік қару айналымы саласындағы заңдылықты қатаң сақтауға шақырамыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру