Петропавл полицейлері адасып кеткен мүгедек адамды үйіне қайтарды
Петропавл полицейлері адасып кеткен мүгедек адамды үйіне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 наурыз күні кешке Петропавл қ. ПБ Бірінші бөлімінің қызметкерлері жоғалып кеткен қала тұрғынына қатысты бағдарды таратты.
Шамамен сағат 23-те оны патрульдік полиция батальонының экипажы анықтады. Облыс орталығының бір тұрғыны полицияға қоңырау шалып, Жамбыл көшесінде жүрген мас адам туралы хабарлаған. Ақпаратты тексеру кезінде патрульдік полицейлер оның қала көшелерінде адасып, әбден қалжыраған әрі іздеуде жүрген адам екенін анықтады. Есту қабілеті нашар II топ мүгедегі қала көшелерін білмеген және полицейлердің көмегін қуана қабылдаған. Полицейлер оны Бірінші полиция бөліміне жеткізді. Қажетті ресімдерден кейін ер адам үйіне оралды.
– Түнгі ауысымда, яғни сағат 20.00-ден таңғы сағат 5-ке дейін Петропавлдың полицейлері 24 шақыртуға барды, – деді Петропавл қ. ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Қанат Әлімжанов. – Патрульдік полицейлерге бірқатар міндеттер жүктелген: қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін сақтау, беймәлім қылмыстарды анықтау, жолын кесу және қылмыстарды ізін суытпай ашу. Олар қылмыс орнына алғашқылардың бірі болып барады, күдіктілерді ұстап, барлық іздестіру операцияларына қатысады.
Жыл басынан Петропавл қ. ППБ жеке құрамы 7066 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, 32 қылмысты ізін суытпай ашты. Бұдан бөлек, полицейлер 104 қылмысты ашуға қатысты.