СҚО полицейлері жыл басынан із-түссіз жоғалған 91 адамды іздеп тапты
СҚО полицейлері жыл басынан із-түссіз жоғалған 91 адамды іздеп тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Із-түссіз жоғалған адамдарды іздеуде полицияның әр түрлі бөліністерінің қызметкерлері жұмылдырылып, біршама жұмыс атқарылады. Көшелерде патрульде жүрген полицияның кешенді күштеріне жоғалғандар туралы бағдарлар беріледі.
Жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторлары жоғалғандардың таныстарын, жақындарын сұрастырады. Бұл жұмыстарға еріктілер де қатысып келеді. Олар әлеуметтік желілерде жоғалған азаматтардың фотоларын таратып, орналастырады. Бұл ретте жергілікті пабликтердің әкімшілерінің ролі өте зор екенін айта кету қажет.
Әпкесінің үйінде тұрып келген 46 жастағы қала тұрғыны екі апта үйінде болмаған. Інісін күткен әйел полиция жүгініп, оның жоғалғанын айтқан. Іздестіру жұмыстары нәтижесінде жоғалған ер адам ащы суға құмартқандардың арасында отырған жерінен табылды.
– Осыған ұқсас жағдайлар жиі кездеседі. Бұған себеп – алкоголь, – дейді Петропавл қ. ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы Дархан Зияфеддин. – Кейде отбасындағы ушыққан қарым-қатынастар да себеп болуы мүмкін. Азаматтардың кейбірі өз жоспарлары туралы жақындарына тіс жармай, белгісіз бағытта кетіп қалады. Бұдан соң жақындары сары уайымға салынып, іздей бастайды. Туыстарыңызбен, жақындарыңызбен әрдайым байланыста болыңыздар. Қайда жүрсеңіздер де өздеріңіздің жоспарларыңызбен бөлісіп, оларға айтып отырыңыздар. Облыс тұрғындары жақындарын іздеп тәртіп сақшыларына жыл басынан 91 рет жүгінді. Олардың 86-сы кезекші тәулікте табылды. Ал қалған жағдайларда іздестіру істері қозғалды. Бүгінде олардың барлығы іздеп табылды.