Петропавлда интернет-алаяқтық жасады деген күдікпен жәбірленушінің ұлы ұсталды
Петропавлда интернет-алаяқтық жасады деген күдікпен жәбірленушінің ұлы ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл тұрғыны өз атына 60 мың теңгеге шағын несие ресімделгенін анықтап, полицияға жүгінеді. Онымен бірге тұратын 31 жастағы ұлы бірден жедел уәкілдердің назарына түседі. Есірткіге тәуелді жігіт бұрын мүліктік қылмыс жасағаны үшін істі болған.
Әйелдің телефоны тек ұлына ғана қолжетімді болған, сондай-ақ банк картасының пин-кодын білген, карта арқылы ақшаны қолға түсірген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында оның қылмысқа қатысы анықталды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктіге қатысты міндетті келу түріндегі мәжбүрлеу шарасы тағайындалды.
– Барлықтарыңызды жеке мәліметтерді жарияламауға, телефондарға құпиясөздерді орнатуға, ешкімге пин-кодтарды, банк карталарын бермеуге кеңес береміз, – деді Петропавл қ. ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы Дархан Зияфиддин. – Аталған мәліметтер біреудің қолына түсетін болса, қылмыс жасалуы мүмкін, бұл жақын адамдарға да қатысты, ал мобильдік құрылғы немесе карта бөтен адамдардың қолына түсіп жатса, бұл тіптен қауіпті. Қандай технологиялар болмасын, тек сақтық қана қылмыскерден сақталуға көмектеседі.