Түркістандық полицейлер оңай жолмен ақша таппақ болған күдіктілерді қолға түсірді
Түркістандық полицейлер оңай жолмен ақша таппақ болған күдіктілерді қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын ұрлықтың құрбаны болғаны жөнінде арызданып келген. Онда кешкі сағат 20:00 шамасында үйінің ауласына белгісіз азамат кіріп, есік алдындағы компрессоры (газды сығымдайтын қондырғы) мен жертөлесінен CHOPARD қол сағатын жымқырып кеткенін көрсеткен. Жәбірленуші азаматқа келтірілген жалпы шығын көлемі 600 мың теңгеге жуық. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТТБТ-ға тіркеп, қылмыстық істі ашуға бағытталған шараларға бірден кірісіп кетті.
Мақтаарал АПБ-ның қызметкерлері оқиға орнына толық құрамда шығып, қажетті айғақтарды іздеді. Айналаны шолып, күдік тудырған аймақтардың барлығын жіті бақылады. Осылайша жүргізілген іздестіру шараларының нәтижесінде екі күдіктіні қолға түсірді. Олар бұрын ұрлық жайты бойынша сотты болған жергілікті тұрғындар болып шықты. Аз уақыттың ішінде ұсталған күдіктілер ПБ-ға жеткізілді. Қазіргі таңда осы оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Ал күдіктілер қамауға алынды.
Анықталғандай туыс болып келетін екі күдікті ер азаматтар өзара келісіп, оңай жолмен ақша табуды көздеген. Осылайша бір күдіктінің көршісінің үйіне ұрлыққа түсіп қолдарына ілінген заттарды алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Содан соң заттарды арзан бағада сатып, ақшасын теңдей бөліскен.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға өз мүліктеріне ие болуды ескертеді. Сонымен қатар ұрлық орын алған сәтте, тез арада полицияның «102» телефоны арқылы хабар беруге кеңес береді.