Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында апалы-сіңлілерді алдаған алаяқ әйел ұсталды

Түркістан облысында апалы-сіңлілерді алдаған алаяқ әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісай АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйел өз арызында, әпкесі және жеңгесі үшеуі алаяқтың арбауына түсіп қалғанын жеткізді. Яғни, ол құрбысының мемлекеттен кәсіпкерлікті қолдау бойынша берілетін қайтарымсыз 505 мың теңгені алып беремін деген сөзіне сеніп, сұраған 50 мың теңгесін берген. Өзі сенгенімен қоймай, әпкесіне, жеңгесіне құрбысы жайлы айтып, оның қайтарымсыз қаражат алып бере алатынын жеткізген. Олар да алаяққа 50 мың теңгеден береді. 2020 жылдың маусым айында ақша берген жәбірленушілер алаяқ келіншектің берген уәделерін орындамағанын алға тартып, бір жылдан кейін полицейлерден көмек сұрайды.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігімен (Алаяқтық) бойынша тіркелді.

Жетісай АПБ криминалдық полиция қызметкерлері орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау мақсатында барлық кәсіби шеберліктерін қолданды. Жәбірленушілерден егжей-тегжейлі жауаптар алып, күдіктінің тұрғылықты мекенжайын мұқият қарап шықты. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер, ақпарат көздері арқылы жасырынып, Жетісай қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде жүрген күдіктіні ұстады. Алаяқтық жасаған келіншек Жетісай АПБ-нің тергеу бөлімшесіне жеткізілді.

Бүгінгі таңда ұсталған әйел, құрбысы мен оның туыстарынан алған ақшаны жаратып жібергенін мойындады. Күдіктінің бас шарасы қолхатта. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Қылмыстық қолсұғушылықты болдырмау үшін Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мұқият болуды және әртүрлі жәрдемақы алуға немесе жұмысқа орналасуға күмәнді қызметтер ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеуді ұсынады. Өзіңіздің мүлкіңізбен ақшаңызды белгісіз адамдарға бермес бұрын, мұндай ұсыныстардың заңдылығына көз жеткізіңіз. Егер сіз алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, бірден полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру