Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Таразда жалған ПТР-тест нәтижесін берген медицина қызметкері әшкереленді

Таразда жалған ПТР-тест нәтижесін берген медицина қызметкері әшкереленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысының Полиция департаменті Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша ПТР анықтамалары мен вакцинация паспорттарын қолдан жасау және пайдалану деректерін анықтау және жолын кесу бойынша барлық шараларды қабылдауда.

Тараз қаласындағы емханалардың бірінің қызметкері нақты зерттеу жүргізбестен, теріс нәтижесі бар ПТР-тест анықтамасын берген.

Бүгінгі күні аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабы 1-бөлігі (Жалған құжаттарды, бланкілерді қолдан жасау, дайындау немесе өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу  амалдары басталды.

Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті 26 жастағы медицина қызметкері анықталды, ол көрсетілген қызмет үшін ақша алмағанын, тек бір ғана «жалған» анықтама бергенін айтты. Алайда бұл ақпарат тергеу барысында тексерілетін болады.

Ал анықтаманы пайдаланған 47 жастағы әйелге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің  385-бабы 3-бөлігі (Көрінеу жалған құжатты пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеу  амалдары басталды.

Естеріңізге сала кетейік, жалған құжат дайындағаны үшін төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде істің өзге де егжей-тегжейлері жария етілмейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру