Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында учаскелік полицей ұрлық жасаған күдіктіні ізін суытпай ұстады

Түркістан облысында учаскелік полицей ұрлық жасаған күдіктіні ізін суытпай ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Егін шаруашылығымен айналысатын ер адамның айтуынша, ол үйіне түскі ас ішуге барып келемін дегенше, егістік алқабындағы құны 70 мың теңге тұратын су тартатын насосын белгісіз біреу жымқырып кеткен. Содан тұрғын бірден учаскелік полицейге хабарласып, көмек сұрайды.

Осы аумаққа бекітілген учаскелік полиция инспекторы Бекжан Каримов ақпарат алысымен іске кірісті. Бөтеннің мүлкін тапа-тал түсте қолды қылған ұрыны анықтап, ұстау мақсатында қажетті шараларды іске асырды. Қызметтік көлігімен айналаны аралап, ауылдан өтіп жатқан бөтен көліктер мен азаматтарды мұқият тексерді. Жәбірленушінің күнделікті тірлігіне аса қажетті құралын тауып беріп, қылмыстың ізін суытпай ашу үшін жедел іздеу шараларын іске асырды. Соның нәтижесінде 3 сағат ішінде күдікті анықталып, ұсталды.

Белгілі болғандай, учаскелік полиция инспекторы жол бойында күмән тудырған, бұрын-соңды ауылда көрмеген «ВАЗ-2115» маркалы Ресей көлігін тоқтатып, құжаттарын тексерген. Тексеріс кезінде жүргізуші жас жігіттің көлікті құжаттарсыз басқарғаны анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы) бойынша хаттама толтырған. Ал көліктің ішінен шарқ ұрып іздеп жүрген тұрғынның насосы табылған.

Күдікті бірден Жетісай АПБ-ға жеткізілді. Жауап алу барысында, жергілікті тұрғын, яғни жас жүргізуші бұл ауылға балық аулауға келгенін, су арығының жағасына барғанда сол жердегі насосты көріп, оңай пайда табу ойы туындап, жан-жағында өзін ешкімнің бақылап тұрмағандығына көзін жеткізіп, аталған су насосын ұрлап, оқиға орнынан бой тасалағандығы анықталды. 

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өз мал-мүліктеріне қырағы болуды және қараусыз қалдырмауды ұсынады. Бағалы заттар мен ақша ұрланған немесе жоғалған жағдайда дереу полицияға 102 телефоны арқылы хабарласқаныңыз жөн.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру