Түркістанда әйелге пышақ сұққан күдікті қамауға алынды
Түркістанда үйге кіріп, әйелге пышақ сұққан күдікті қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылдың 3 қыркүйегінде Түркістан қалалық Полиция басқармасына қалалық ауруханадан жергілікті тұрғын әйелдің дене жарақатымен жеткізілгені туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына бірден тәртіп сақшылары жіберіліп, қылмысты ашу мен күдіктіні ұстауға бағытталған жұмыстарды жедел түрде іске асырды.
Анықталғандай, жергілікті тұрғын әйелдің үйіне бейтаныс ер адам шамамен сағат 10:20-да заңсыз кіріп келіп, пышақ жарақатын салған. Содан кейін ол қылмыс орнынан қашып кетіп, ізін суытқан. Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 106-бабы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша тіркеді. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Сонымен қатар оқиға болған жерден қашып кеткен күдіктіні ұстау үшін Түркістан қаласы ПБ криминалдық полиция және тергеудің тәжірибелі қызметкерлерінен құрылған жедел-тергеу тобы іздестіру іс-шараларын жүргізді. Оның ішінде оқиға болған аймақты тінтіп, жәбірленушінің көршілері мен таныстарынан сұрақ-жауаптар алды. Сондай-ақ қаладағы бейнебақылау камераларын жіті тексерді.
Нәтижесінде полицейлер күндіз-түні тиянақты жүргізген жұмыстарының аясында бірнеше күннің ішінде күдіктіні ұстап, Полиция басқармасына жеткізді.
Қазіргі уақытта ұсталған ер адам қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады.