Ақмолада 13 күнде табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 180 фактісі тіркелді
Ақмолада 13 күнде табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 180 фактісі тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
20 қазан мен 19 қараша аралығында Ақмола облысының аумағында полиция қызметкерлері заңсыз аң аулау және табиғатты қорғау заңнамасын бұзу фактілерінің жолын кесу мақсатында «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасын өткізеді.
Жедел-іздестіру топтары құрылды, олар табиғат қорғау заңнамасын бұзу және табиғатты заңсыз пайдалану фактілерін анықтау бойынша іс-шаралар жүргізеді.
Рейдтер кезінде табиғат қорғау полициясының қызметкерлері басқа ведомстволардың мамандарымен бірлесіп, жергілікті жерді тұрақты патрульдеуді жүргізеді, бұл ретте табиғи парктер мен қорық аймақтарының аумақтарына ерекше назар аударылады.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен кезеңде 180-нен астам табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылық анықталды. Бурабай, Бұланды және Зеренді аудандарында анықталған үш факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілуде. Бұдан басқа, Біржан сал ауданында қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны үшін сотқа дейінгі іс жүргізу басталды.
Осылайша, 116 құқық бұзушы аң аулау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, тағы 34 әкімшілік материал балық аулау ережелерін бұзғаны үшін жасалды. Жедел алдын алу іс-шарасы аясында полицейлер аңшылық қаруды тасымалдау ережелерін бұзудың 21 фактісін анықтады, ағашты заңсыз кескені үшін 7 әкімшілік хаттама толтырылды.