Атырауда жыл басынан бері көлік басқарған 10 жасөспірімнің ата-анасына айыппұл салынды
Атырауда жыл басынан бері көлік басқарған 10 жасөспірімнің ата-анасына айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Атырау қаласы Полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері көлік құралын басқарған 10 жасөспірімді анықтаған. Олардың ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 2-бөлігімен (Көлiк құралын басқару құқығы жоқ адамның оны (жүргiзіп-үйренуден басқа) басқаруы, сол сияқты тиiстi санаттағы көлiктi басқару құқығы жоқ жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы) әкімшілік хаттамалар жасақталып, әрқайсысына 29 170 тенге көлемінде айыппұл салынды.
Мысалы, 20 қазан күні сағат 00:30 шамасында Махамбет көшесінде орналасқан “Атырау жарық” мекемесінің тұсынан Nissan Terrano маркалы автокөлігі патрульдік полиция қызметкерлерімен тоқтатылды. Тексеріс барысында көлік жүргізушісінің 17 жастағы жасөспірім екендігі анықталып, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 2-бөлігімен әкімшілік хаттама жасақталды. Анасына 29 170 теңге көлемінде айыппұл салынып, автокөлік арнаулы тұраққа қойылды.
Сонымен қатар, аталған жасөспірімнің түнгі сағат 23:00 кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын-жайдан тыс жерде жүргені үшін ата-анасы ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігімен (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.