Алматы облысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерге арналған релаксация кеші өтті
Алматы облысының полицейлері жеке кәсіпкерлермен бірлесе тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерге арнап релаксация кешін өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы шеңберінде Іле АПБ ЖПҚ Әйелдерді қорғау тобының аға инспекторы, Іле ауданы Жетіген ауылдық округінің әкімінің басшылығы мен Жетіген ауылдық округі әкімшілігінің мамандарымен бірлесе, сонымен қатар ЖК «Калиновская», ЖК «Аль-Саид», ЖК «Туханов» өкілдерінің қолдауымен ақпаратты-танымдық, әрі рухани разылыққа бағытталған қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырып, өткізді.
Шара барысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйел адамдарды рухани, психологиялық қолдау және олардың өздеріне деген сенімін, отбасына деген мейірімділіктерін күшейту мақсатында бес азаматшаға сұлулық салонында шаш қию, заманауи үлгіде шаш бояу және т.б. сынды косметологиялық қызметтер тегін көрсетілді. Сонымен қатар, сұлулық салонынан шыққан соң, мейрамханада азаматшаларға арнайы дастархан дайындалып, түскі ас мәзірі ұсынылды. Кеш соңында «Мир подарков» дүкені тарапынан косметологиялық әрлеуіш, опа-далаптар салынған шағын сыйлықтар үлестірілді.
– Акцияның мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ескертумен ғана шектелмей, әйелдерді мейлінше рухани, психологиялық тұрғыда қолдау. Осы бағытта атқарылған іс-шараға ат салысып, өз тараптарынан қайырымдылық көрсеткен жеке кәсіпкерлер Татьяна Николаевнаға, Зульфия Турсуновнаға алғысымызды білдіреміз. Осындай қайырымдылық іс-шаралары алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген сенімдеміз, – дейді Іле АПБ ЖПҚ Әйелдерді қорғау тобының аға инспекторы Д.И.Талимжанова.