Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің магистрлары сотталғандарға дәріс оқыды
Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің магистрлары сотталғандарға дәріс оқыды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің мамандары, өнер магистрлары Нүсіп Ақжігіт пен Санжар Сырғабаев Алматы қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелердегі сотталғандардың арасында "Ә.Қастеев кім?", "Қазақ дәстүрлі қару-жарақтарының көркем бірлігі, тарихы" деген тақырыптарда лекция өткізді.
Алматы қаласы мәдениет басқармасының қолдауымен өткен лекцияда мамандар сотталғандарды қазақ халқының тарихында өзіндік орны бар ат-әбзелдері және ер-тұрмандар типологиясының тарихымен таныстырды. Магистрлар №72, №11 және №13 мекемелерінде өткізген лекция барысында сотталғандардың сұрақтарына жауап беріп, жан-жақты пікір алмасты.
Аталған іс-шара Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелеріндегі жағдайды сауықтырудың 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.