Абай облыстық ҚАЖД-да жаңа өндірістік цех ашылды
Абай облыстық ҚАЖД-да жаңа өндірістік цех ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің әйелдерге колониясында шұжық өнімдерін өндіретін өндірістік цех ашылды. Қазіргі уақытта мекемеде 200-ден астам әйел жазасын өтеуде, олардың 100-ден астамы тұрақты жұмыспен қамтылған. Жаңа цехтың ашылуы оннан астам сотталғанды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді, ал жақын болашақта тағы он жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Бүгінде цехта сиыр еті мен жылқы етінен дайындалатын шұжық өнімдерінің шамамен он түрі шығарылады. Өнімдер Жарма ауданы мен оған жақын елді мекендердің дүкендеріне тұрақты түрде жеткізіледі. Алдағы уақытта өндіріс көлемін арттырып, өнімді бүкіл облыс аумағында сатуды жоспарлап отыр.
– Мен үш жылдан бері үй жағдайында шұжық өндірумен айналысып келемін. Арманым – толыққанды цех ашып, өндірісті кеңейтіп, басқаларды да осы іске үйрету, оларға табыс табуға көмектесу болатын. Бұл арманымның жүзеге асқанына шын жүректен қуаныштымын. Мұнда әйелдер тек жұмыс істеп қана қоймай, бостандыққа шыққаннан кейін де қажет болатын мамандық ала алады, – деп бөлісті кәсіпкер.
Цехтың ашылуы барысында кәсіпкер сотталғандарды өндіріс технологиясы мен рецептураларымен жан-жақты таныстырып, практикалық сабақтар өткізді. Әйелдер алғаш рет жаңа іспен айналысып, қысқа уақыт ішінде шамамен 50 шұжық өнімін дайындап, жоғары үйрену қабілеті мен жауапкершілігін көрсетті.
Цехта сондай-ақ бір циклде 25 келіден астам өнімді өңдей алатын ыстайтын пеш орнатылған. Толық жүктеме кезінде бұл жабдық тәулігіне 70–75 килограммға дейін шұжық өнімін шығаруға мүмкіндік береді.
– Алғаш рет құралдарды қолыма алып, өз еңбегімнің нәтижесін көргенде, бойымда үміт пен өзіме деген сенім пайда болды. Мұнда мен өзімді пайдалы сезінемін, өмірімді өзгертуге болатынын түсіндім. Бостандыққа мамандықпен шығып, бұрынғы қателіктеріме қайта оралғым келмейді, – деп бөлісті сотталған әйел.
– Біздің басты мақсатымыз – сотталған әйелдердің қайта әлеуметтенуіне және еңбек дағдыларын дамытуға ықпал ету. Мұндай кәсіпкерлік бастамалар – жай ғана жұмыс орындары емес, бұл жаңа мамандық алып, бостандықтағы өмірге дайындалудың нақты мүмкіндігі. Біз бұл жобаны қолдаймыз және тиімді серіктестікті бірлесе жүзеге асырып отырғанымызға қуаныштымыз, – деп атап өтті мекеме басшысы Уалихан Жумашев
