Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысы бойынша ҚАЖД-ның бастығы сотталғандармен кездесу өткізді

Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы сотталғандармен кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Ғалымжан Балтабаев Абай облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандармен жұмыс кездесуін өткізді.

Іс-шараға сондай-ақ Абай облысы прокуратурасының өкілі Айбек Кездыкбай және Абай облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Тлеуберген Конекбаев қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – сотталғандар арасында заң талаптарын сақтау, құқықбұзушылықтардың алдын алу және бостандыққа шыққаннан кейінгі құқықтық жауапкершілік мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды. Әңгіме барысында қатысушыларға қолданыстағы заңнаманың нормалары, сондай-ақ биылғы жылы күшіне енген жаңашылдықтар туралы кеңінен түсіндірілді.

Әсіресе бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін белгіленетін әкімшілік қадағалау мәселелеріне, әкімшілік құқықбұзушылықтар жасағаны үшін жауапкершілікке, сондай-ақ белгіленген тәртіпті бұзған тұлғаларға қолданылатын шараларға ерекше назар аударылды. Сотталғандарға заң талаптарын сақтамау бостандыққа шыққаннан кейін әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені, оның ішінде айыппұл салу және өзге де ықпал ету шаралары қарастырылатыны түсіндірілді.

– Мұндай кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді және сотталғандардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ оларды қоғамға қайта оралуға дайындауға бағытталған. Біздің міндетіміз – тек жазаның орындалуын қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар адамға жіберген қателіктерін түсініп, бостандыққа шыққаннан кейінгі өміріне дайындалуына көмектесу. Әрқайсыңыз қоғам мен жақындарыңыз алдындағы жауапкершілікті терең түсінуіңіз маңызды. Заңды сақтау, адал еңбек ету және отбасының қолдауы – жаңа өмір бастауға және өткен қателіктерге қайта оралмауға көмектесетін басты негіздер, – деп атап өтті департамент бастығы Галымжан Балтабаев.

Кездесу барысында сотталғандар департамент басшылығына және прокуратура өкіліне өздерін толғандырған сұрақтарын қою мүмкіндігіне ие болды. Олар әкімшілік қадағалауды қолдану тәртібі, бостандыққа шыққаннан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, сондай-ақ жазасын өтеген азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы сұрақтар қойды.

– Мұндай кездесулер заң талаптарын жақсы түсінуге және болашақ туралы ойлануға көмектеседі. Біз қажетті ақпаратты тікелей жауапты тұлғалардан алып, өзімізді алаңдатқан сұрақтарды қоя аламыз. Көпшілігіміз жақын уақытта бостандыққа шығамыз, сондықтан жаңа қателіктерге жол бермеу үшін қандай талаптарды сақтау керектігін білу өте маңызды. Бұл әрқайсымызды алдағы өміріміз туралы байыппен ойлануға жетелейді, – деді сотталғандардың бірі.

Кездесу соңында департамент басшылығы сотталғандардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қайталама құқықбұзушылықтардың алдын алу қылмыстық-атқару жүйесі қызметінің маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Осындай кездесулер заңнаманы түсіндірумен қатар, сотталғандарға қоғамға қайта бейімделуге және жаңа өмір бастауға дайындалуына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру