Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысындағы әйелдер колониясының ашылу тарихы

Абай облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты әйелдер колониясының ашылу тарихы жайлы Polisia.kz. сайты ақпарат ұсынады.

2001 жылдың желтоқсанында Шығыс Қазақстан облысында сотталған әйелдерді ұстауға арналған әйелдер түзету колониясы ресми түрде ашылды. Бұл жай ғана тікенек сымның ар жағындағы жаңа аймақ емес, заң бұзған әйелдердің ерекшеліктері мен қажеттіліктері ескеріліп құрылған тұтас бір жүйе еді.

Алғашқы алты сотталған әйел этаппен 2002 жылдың мамыр айында жеткізілді. Уақыт өте келе олардың саны артып, бір кезеңде колонияда шамамен 600 әйел болған кездері де болды. Мекеме тез арада түрлі тағдырлар мен адамдық оқиғалар тоғысқан үлкен ортаға айналды.

Сол уақытта мекеме ұжымына 18 бен 30 жас аралығындағы, бейіндік оқу орындарын жаңа бітірген қырыққа жуық жас қызметкер қыздар қабылданды. Олардың көзінен әрі толқу, әрі жауапкершілік, әрі қорқыныш, әрі мақтаныш сезілетін. Жастықтарына қарамастан, әрқайсысы алғашқы күндерден-ақ төзімділік, тәртіп және режимді бақылаушы болумен қатар, үлгі көрсететін, бағыт-бағдар беретін, тыңдай білетін әрі қолдау көрсете алатын маман болуға дайын екенін танытты.

Бүгінде сол алғашқы қызметкердің көпшілігі зейнеткерлік демалыста. Олар жылдар бойғы еңбектерін айрықша жылылықпен және үлкен мақтанышпен еске алады, себебі олар үшін ҚАЖ жай ғана жұмыс орны емес — бүкіл өмірін арнаған ісі болды.

— 2001 жылы мен бақылау нарядының бастығы қызметіне қабылдандым. Ол кезде тағдырымды қылмыстық-атқару жүйесімен байланыстырамын деп мүлде ойламаған едім. Бірақ бүгін мен нық сеніммен айта аламын. Сол кезде жасаған таңдауыммен мақтанамын және өз қызметімді ерекше жылулықпен еске аламын, — дейді ҚАЖ ардагері Жанар Смағұлова.

Оның жадында ерекше сақталған бір сәт бар. Бір күні сотталған әйелдің қасына ұзақ мерзімді кездесуге анасы мен кішкентай қызы келген. Алдымен бөлмеге жақындары кірген, содан кейін сотталған әйелді алып келген. Анасы көрінген сәтте кішкентай қыз әжесінің қолынан шығып кетіп, жүректі жарып өтетін шырқыраған дауыспен анасын құшақтауға ұмтылады. Әйел жылап тұрып баласын көтерген сәтте, Жанар Смағұлова көз жасын тыя алмай, бір сәтке сыртқа қарапты. Қайта қарағанында — сол жерде тұрған барлық қызметкердің көзіне жас алғанын байқайды.

Бүгінде мекеме өзінің маңызды әрі күрделі миссиясын жалғастырып келеді. Қазіргі таңда мұнда 300-ден астам сотталған әйел жазасын өтеп жатыр, ал тәртіптің сақталуы мен қауіпсіздік және күнделікті жұмыс 50-ден астам қызметкердің мойнында. Олардың кәсібилігі, төзімділігі және адами қатынасы — әйелдер колониясының алғашқы жылдарында қалыптасқан дәстүрлердің бүгінде де жалғасын тауып келе жатқанын дәлелдейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру