Абай облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде Ауған соғысының ардагерлерін еске алу шарасы өтті
Абай облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде Ауған соғысының ардагерлерін еске алу шарасы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №21 мекемесінде тарих сабақтарының бірі ерекше тағылымға толы болды. Мекеменің акт залында өткен іс-шарада "Ауғанстан – тірі естелік" деректі фильмі көрсетіліп, қатысушылар өткен күндерге ой жүгіртті.
Тарих сағаты мекеме бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Рүстем Берлібековтің баяндамасымен басталды. Ол Кеңес әскерінің Ауғанстан жеріне кіру себептері мен салдары туралы кеңінен тоқталып, сол бір сұрапыл жылдарда ерлік көрсеткен жауынгерлердің жанқиярлығы жайында баяндады.
Көрсетілім кезінде залда өлі тыныштық орнады. Фильмдегі оқиғалар жиналғандардың жүрегіне жетіп, жүздерінен алапат сезімдер легі байқалып тұрды. Қызметкерлер Ауған соғысының ардагерлеріне деген құрметін үнсіз білдіріп, олардың қайсарлығы мен Отан алдындағы адалдығына тағы бір мәрте көз жеткізгендей болды.
Бұл шара – ұрпақ жадынан өшпейтін ерлікке тағзым, батырлардың есімін мәңгілік есте сақтау жолындағы игі қадам.