Абай облысында сотталғандар Көрісу күнін атап өтті
Абай облысы бойынша ҚАЖД орташа қауіпсіздік мекемесінде Көрісу күні аталып өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
14 наурыз – қазақ халқы ежелден жаңа жылдың бастауы деп есептейтін ерекше күн. Бұл күн халық арасында Көрісу күні деп аталады. Атауының өзі кездесу, қауышу деген мағынаны білдіреді.
Ертеде қыстың ұзақ әрі қатал болуы, боран мен тұрмыс-тіршіліктің ауырлығы салдарынан адамдар бір-бірімен жиі жүздесе алмаған. Көктемнің келуімен ел-жұрт бір-бірімен қауышып, амандық-саулық сұрасып, береке мен бірліктің нышаны саналатын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының жақындауын қуанышпен қарсы алған. Көрісу күні – татулық пен туыстық байланысты нығайтатын ерекше мереке.
Бұл мереке Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтар арасында да аталып өтті.
Сотталғандардың бірі өз ойымен бөлісті.
— Мен бес жылға бас бостандығымнан айырылдым. Екі баланың әкесімін. Сотталғанға дейін тұрақты жұмысым болмады. Мүмкін, дәл сол себеп қылмыс жасауымның бір себебі болған шығар. Алайда бұл мені ақтамайды. Болған жағдайға қатты өкінемін. Мекемеде болған уақыт ішінде өмірге деген көзқарасым өзгерді. Көп нәрсеге басқаша қарай бастадым. Отбасының қадірін, жақындарың алдындағы жауапкершілікті терең түсіндім. Бүгін біз басқа сотталғандармен бірге Көрісу күнін атап өтіп, бір-бірімізді мерекемен құттықтадық. Жақсылық пен бейбітшілік тілеп, туған-туыстарымызбен аман-есен қауышуды тіледік. Бұл күн мен үшін ерекше болды, өйткені бүгін жұбайым келді. Оның қолдауы маған үлкен жігер береді. Маған сенімін жоғалтпай, теріс айналмағаны үшін оған алғыс айтамын. Бостандыққа шыққаннан кейін жаңа өмір бастап, балаларыма лайықты әке болуға тырысамын, — деді сотталған.
Өз кезегінде сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Мақсат Серікханов мекеме қызметкерлері мен сотталғандарды мерекемен құттықтады.
— Барша қызметкерлер мен сотталғандарды жыл жаңаруын білдіретін, жылулық пен өзара қамқорлыққа толы мерекемен құттықтаймын. Әр шаңыраққа көктемнің көтеріңкі көңіл күйі, мол дастарқан мен қуаныш әкелсін. Баршаңызға татулық, береке, тыныштық және жарқын болашақ тілеймін, — деді ол.
