Абай облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде қақпа алдындағы кездесу өтті
Абай облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде қақпа алдындағы кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің жоғары қауіпсіздік мекемесінде алаяқтық үшін жазасын өтеген 29 жастағы сотталған бостандыққа шыққан күні мекеме қақпасы алдында оны 20 жылдан бері көрмеген әкесі қарсы алды. Екеуі үшін бұл сәт — өмірлеріндегі ең маңызды, тағдырларын өзгертетін кездесу болды.
Сотталған әңгіме барысында балалық шағын еске алды. Ол толық отбасында, ата-анасының қамқорлығында өскен. Алайда ол тоғыз жасқа толғанда, ата-анасы ажырасып, әкесі басқа қалаға қоныс аударып, жаңа отбасы құрған. Осы кезден бастап, оны анасы жалғыз тәрбиеледі. Ұл жүрегінде ұзақ уақыт бойы әкесіне деген өкпе мен реніш сақталып, оны ешқашан кешірмеймін деп өскен.
Жаза өтеу жылдарында оған қолдау көрсеткен жалғыз адам — анасы болды. Кездесулер кезінде ол бірнеше рет әкесінің ұлын іздеп жүргенін, онымен жүздескісі келетінін айтқан.
— Осы жылдардың бәрінде ұлымның алдында өзімді кінәлі сезініп келдім. Егер отбасынан кетпегенімде, оның өмір жолы мүлде басқаша болар ма еді деп ойлаймын. Көптен бері онымен кездесіп, сезімімді айтып, кеткенім үшін кешірім сұрағым келді. Ұлымның бостандыққа шығатын күнін естігенде, егер бүгін қақпадан қарсы алмасам, мұндай мүмкіндік қайта тумайтынын түсіндім, — деді әкесі.
— Бүгінгі кездесу — менің өмірімдегі үлкен бетбұрыс. Көп жыл бойы ішімде сақталған реніш мені алға жүруге жібермеді. Қазір түсіндім: жаңа өмір бастау үшін кешіре білу керек екен, — деді сотталған.
Мекеме бастығының орынбасары Айдын Калелов та отбасының рөліне тоқталды:
— Отбасылық байланысты қалпына келтіру — бостандыққа шыққан адамдардың қоғамға қайта бейімделуінде өте маңызды. Жақындарының қолдауы, татуласуы олардың қалыпты өмірге оралуына және қайта қылмыс жасау қаупін төмендетуге ықпал етеді, — деді ол.
Сол күні мекеме қақпасы алдында тек әке мен ұлдың кездесуі ғана емес, өткеннің өкініші мен үзіліп қалған байланыстарды қайта жалғаған, жаңа өмірге жол ашқан ерекше сәт орын алды.
