Абай облысы бойынша ҚАЖД мекемесінің психологы Гиннестің рекордтар кітабына енді
Абай облысы бойынша ҚАЖД-ның Семей қаласындағы қауіпсіздігі төмен мекемесінің психологы Әсемгүл Оразбаева Гиннестің рекордтар кітабына енді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ол халықаралық деңгейде ұйымдастырылған трансформациялық ойындарды кеңейту фестиваліне қатысып, Қазақстан атынан ерекше нәтижеге қол жеткізді.
Іс-шара ТМД-ның тоғыз елінде және Қазақстанның тоғыз қаласында бір мезетте өтіп, тұлғалық өсуге, өзін-өзі тануға және ішкі үйлесімділікті арттыруға ұмтылған мамандар мен қатысушыларды біріктірді.
Фестиваль барысында еліміздің әр өңірінен келген тәжірибелі психологтар мен ойын практиктері өздерінің авторлық әдістемелері мен бағдарламаларын ұсынды. Солардың ішінде Әсемгүл Оралбекқызы "Тектік сүйіспеншілік ағынында" атты трансформациялық ойынын өткізіп, қатысушылардың зор қызығушылығына ие болды және жоғары бағасын алды.
Трансформациялық практикаларды дамытуға қосқан кәсіби үлесі үшін Әсемгүл Оразбаева халықаралық деңгейде мойындалып, есімі Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Бұл жетістік Семей қаласы ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін үлкен мақтаныш саналады.
– Бұл мен үшін жай ғана марапат емес, бұл – жүрек қалауыммен таңдаған жолымның нәтижесі. Егер адам шынайы ықыласпен әрекет етсе, әлем міндетті түрде оған жауап қайтарады. Қазақстан атынан халықаралық аренада өнер көрсетіп, әріптестеріммен тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын, – деді Әсемгүл Оралбекқызы.
Мекеме бастығының орынбасары Рүстем Берлібеков әріптесін шын жүректен құттықтап:
– Әсемгүл Оралбекқызының бұл жетістігі – психология мен трансформациялық ойындар саласында ізденіп, дамуға ұмтылып жүрген мамандар үшін шабыт берерлік үлгі, – деп атап өтті.