Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысы бойынша ҚАЖД мекемесінің қызметкерлері қала тұрғындарына мерекелік акция ұйымдастырды

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің барынша төмен мекемесінің қызметкерлері Семей қаласының тұрғындарына арнап ерекше мерекелік акция ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Таңертеңнен бастап мекеме қызметкерлері қала көшелеріне шығып, әйелдерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Дүкен сатушылары, көшедегі тұрғындар мен сауда орындарының қызметкерлері жылы лебіздер мен шынайы алғыс сөздерді және көктемгі гүлдерді қабыл алды.

Акция көптеген қала тұрғындары үшін жағымды тосынсый болды — әйелдер күлімсіреп, қызметкерлерге алғыстарын айтып, мерекелік көңіл күймен бөлісті.

Құттықтау алғандардың бірі - Семей қаласының тұрғыны, шағын дүкенде сатушы болып жұмыс істейтін Айгүл. Оның айтуынша, бұл тосынсый ол үшін ерекше әсерлі болған.

– Мен сатушы болып он жылдан астам уақыт жұмыс істеймін, көбіне мерекелік күндерді жұмыс орнында қарсы аламын. Бүгінгі құттықтау мен үшін нағыз тосынсый болды. Екі балам бар, олар үшін мықты әрі көңілді болуға тырысамын. Күнделікті қарбаласта жай ғана гүл мен жылы сөз сыйлайтын жандардың бар екені өте қуантады, – деді ол.

– Осындай бастамалар қоғамдағы әйелдердің маңызды рөлін еске салады. Халықаралық әйелдер күні – әйелдердің еңбегіне, қамқорлығына және қоғам дамуына қосқан үлесіне құрмет пен алғыс білдіретін ерекше мереке. Біз қала тұрғындарына көктемгі көңіл күй сыйлап, олардың мейірімі, сабыры мен даналығы үшін алғыс айтқымыз келді. Мұндай акциялар игі дәстүрге айналды. Олар әйелдерді мерекемен құттықтап қана қоймай, қоғам мен қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері арасындағы сенімді нығайтуға да ықпал етеді, – деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Рустем Берлибеков.

Мерекелік акция Семей қаласының ондаған тұрғынына қуаныш сыйлап, көктемгі көңіл күй тарту етті және кейде ең қымбат сыйлықтан да артық болатын — назар мен жылы сөз екенін тағы бір мәрте еске салды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру